Басты Жаңалықтар Шымкентте 36 жастағы ана оныншы сәбиін босанды

Шымкентте 36 жастағы ана оныншы сәбиін босанды

Шымкенттік 36 жастағы келіншек үшем босанып, оныншы сәбиін бауырына басты. Алтын құрсақты ана бұған дейін де екі рет егіз тапқан. Жалпы жыл басынан бері үшінші мегаполисте 213 егіз бен төрт үшем өмірге келген. Батыр анамен өңірдегі әріптесім тілдесіп қайтты.

Ажар Ташқараева бір емес үш бесікті қатар тербетіп, бесік жырын шырқап отыр. Нәрестелерге Альсия, Сафия және Аймұхаммед есімі берілген. Әрбірінің салмағы екі келі шамасында. Денсаулықтары қалыпты. Батыр ана бұған дейін де екі рет егіз сәбиді дүниеге әкелген. 

Ажар Ташқараева, үшемнің анасы:  

Біз білетін аталарымызда мұндай жоқ. Геннен деп ойламаймын. Дәрігерлер де бинго ұтып алдыңыздар деп айтады. Узиға барғанда егіз деп айтқан. Екі аптадан соң қайта түсіргенде сізде үшем деп айтты. Шок болдым шынымды айтсам.

Тұрар мен Ажар 15 жыл бұрын отау көтерген. Үйдің үлкені он үште, кенжесі үш жаста. Енді міне олардың қатары тағы үш перзентке толықты. Балаларды өсіріп-тәрбиелеуге Ажардың анасы мен ата-енесі көмектеседі. Отағасы жеке кәсіпте. Айтуынша, үлкен отбасыны асырап-бағу оңай емес, бірақ әр перзенттің өз несібесі бар, дейді.

Тұрар Болатов, үшемнің әкесі:

Он баланы асырап-бағу да оңай емес әрине, бірақ әрбірінің өз ризығы болады екен. Солар үшін жүрміз ғой. Еңбек етіп, ешкімнен кем қылмай өсіріп жетілдіреміз. Атынан жаңылмасақ та жылынан жаңыламыз. Қайсысы қай жылғы екенін шатасытырып жатамыз.

Биыл Шымкентте 213 егіз және төрт үшем дүниеге келген. Ана мен бала өлімі азайған. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қайғылы жағдайлар көрсеткіші 2,3 пайызға төмендеген.

Инна Глазебная, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Қазір Шымкентте босануға жағдай жасайтын төрт бірдей ұйымы жұмыс істейді. Оның үшеуі – үшінші деңгейде. Қалалық перинаталдық орталық, қалалық перзентхана және № 2 қалалық аурухананың босану бөлімі. Ал біреуі – екінші деңгейдегі ұйым, яғни № 3 қалалық аурухананың босану бөлімі. Жалпы бұл ұйымдарға түсетін салмақ пен жүктеме шамалас.

Шымкентте жылына 30 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Демографиялық өсімге байланысты Ақжайық шағын ауданында 200 орындық перинаталдық орталық салынып жатыр. Құны 48,6 миллиард теңге болатын медициналық кешен ана мен балаға мамандандырылған көмек көрсетеді. Мұнда шымкенттіктермен қатар Түркістан облысының іргелес аудандарынан келген аналар мен нәрестелерге де медициналық көмек көрсетіледі.

Бөлісу