Басты Жаңалықтар Ауыл еңбеккерлері – елордада

Ауыл еңбеккерлері – елордада

Қырдағы қыстаудан, егінді алқаптан, жалпы ауыл-аймақтан екі мыңнан астам еңбек адамы осы аптада елордаға келді. Қытымыр қыста да, шіліңгір  шілде де қолдары қалт етпейтін диқандар мен шаруалар өткен маусымды қорытындылап, алдағы көктемнің қамын ақылдасты. Қарашаның ортасында Президенттің ауыл еңбеккерлерімен кездесуі дәстүрге айналып келеді. Үшінші агрофорумдағы сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев шаруаны қолдау бағдарламаларының тиімділігін тексеруді тапсырды. «Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек»,- деді Мемлекет басшысы. Әрі Президент аграрлық несие шарттарын жеңілдетуді міндеттеді. Бұл іске жасанды интеллект технологиясын да енгізуге болатынын айтты. Әйтпесе қазір қарызды өтеу мерзімі егіншілік маусымына сай келмегендіктен, кей шаруалар астығын орақтан кейін арзанға сатуға мәжбүр. Жаңа технология Қазақстанға өнімділікті арттырып, әлемдік азық-түлік нарығындағы орнын нығайтуға да мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде отандық шаруалар цифрлық шешімдерді қолдана бастаған.

Қанағат Тәуіртаев, шаруа қожалық жетекшісі:

Қазір IT саласы дамып жатыр. Малды чиптеп, арнайы қарғыбау бар. Сол арқылы малды санап, түгендеп, анализін тапсырып жатыр. Бұл өте көп жеңілдік. Қазақстанда ең алғашқылардың бірі болып біз дронмен жылқы баққанбыз. Өйткені сауын биені айдап әкелу қиын. Мысалы, бір адам мотоциклмен, атпен қаншама салпаңдап, түгендеп бір күн жүретін болса, мынау бір сағатта түгел диагностика жасап шығады.

Бөлісу