Басты Жаңалықтар Қазақстан Орталық Азияның академиялық хабына айнала ма?

Қазақстан Орталық Азияның академиялық хабына айнала ма?

Осы аптада Президенттің қатысуымен тағы бір алқалы жиын өткен. Ғылым және білім саласындағы Стратегиялық серіктестер форумы. Ол да үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Президент ғалымдар мен студенттер алдындағы сөзінде елдің стратегиялық мақсатын атап өтті. Ол – Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру, жаһандық білім нарығының бір бөлігі болу. Мемлекет басшысы осы ауқымды ұйымдастыру жұмыстарының бірінші кезеңінен өткенімізді атап өтті. Сірә, кейінгі жылдары республика аумағында ашылған әлемдік жетекші оқу орындарының 33 филиалы ашылғанын меңзесе керек. Қазір осы шетелдік университеттердің филиалдарында 12 мыңнан астам студент оқиды. 1500-ге жуық оқытушы, оның ішінде 600-ден астам сырттан келген профессор жұмыс істейді. Жалпы 2029 жылға қарай Қазақстан шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Осы орайда Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінің халықаралық зерттеу институты ашылатынын да айта кетейік. Жаңа орталықта өңірлердің экономикалық, саяси және технологиялық дамуы, климаттың өзгеруі мен су қауіпсіздігі зерттеледі. Жиында оңтүстіктегі жұртшылық үшін де маңызды жаңалық жарияланды. Президент Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдады. Осылайша еліміздегі ұлттық жоғары оқу орындарының саны 14-ке жетпек. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында жариялаған «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық бағдарламасын сапалы орындау үшін, ең алдымен, кәсіби даярлығы жоғары, білікті мамандар, тіпті, жаңа мамандық иелері қажет болатынын да атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Демек «Халықтық құрылыс» жоғары білім жүйесіне де зор жауапкершілік жүктейді. Ғылым саласы бұл ауқымды өзгерістерге толық дайын болуы керек деп санаймын. Жалпы, ауқымды құрылыс жүргізу, цифрлық экономика құру, логистика инфрақұрылымын дамыту, жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу – ұлтымыздың болашаққа ұмтылысын айқындайтын аса маңызды міндеттер.

Бөлісу