Стратегиялық даму жөніндегі сарапшылар тобының құрамы бекітілді
Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басып, келешек дамуының бағдарын айқындауға кірісті. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобын құрды. Елімізде алғаш рет стратегиялық құжаттарды әзірлеуге қатысатын топтың құрамы көпшілікке жарияланды. Бұл мемлекеттің болашағына қатысты маңызды мәселелерді барынша ашық талқылауға бағытталған қадам. Жаңа құрылымның міндеті қандай? Оның жұмысы ел дамуына қалай ықпал етпек? Осы сауалдарды тікелей байланыста тұрған әріптесім Шерхан Жамбылұлына қояйық.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Болашақтың бағдарын бүгін айқындау. Жаңа сараптама тобының басты міндеті осы. Әлемдегі саяси және экономикалық ахуал құбылып, технологиялық өзгерістер қарқын алды. Жаһандық бәсеке де күшейіп келеді. Осындай алмағайып кезеңде елдің алдағы онжылдықтардағы даму бағытын белгілеу айрықша маңызды. Қазақстан да жаңа тарихи белеске нақты жоспармен қадам басуды көздейді. Президент жанындағы сараптама тобына 33 адам еніп отыр. Әр саланың өкілдері қамтылған. Экономистер, саясаттанушылар, ғалымдар, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері және жаңа технология саласындағы білікті мамандары бар. Топқа Вице-Президент Ерлан Қарин жетекшілік етеді. Оның орынбасарлары болып Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев тағайындалды. Ал хатшысы болып «Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының» директоры Жандос Шаймарданов бекітілді. Сараптама тобының жұмысын да осы институт үйлестірмек. Осылайша жаңа құрылым елдің ұзақмерзімді даму басымдықтарын саралап, тиісті ұсыныстар әзірлейді.
Ал сараптама тобының жұмысы қаншалықты ашық жүргізіледі? Елдің болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылауға қоғам өкілдері де қатыса ала ма?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бұл бастаманың басты ерекшелігі де осы. Алғаш рет ел тарихында мемлекеттің стратегиялық құжаты барынша ашық талқылынып, талданбақ. Сарапшылар тобының құрамы да бірінші рет көпшілікке жарияланып отыр. Жаңа құрылымның жұмысына мемлекеттік органдармен қатар ғылыми ұйымдар, кәсіпкерлер мен азаматтық қоғам өкілдері де қатыса алады. Осылайша стратегиялық құжаттарды әзірлеу ісіне әртүрлі саланың мамандарын кеңінен тарту көзделген. Сарапшылар кемінде айына бір рет бас қосуы тиіс. Мамандардың пікірінше бұл жұмыс ең әуелі қазақстандық зияткерлік әлеуетті жұмылдыруды қажет етеді. Әсіресе түрлі академиялық қауым мен ақыл орталықтарын бір арнаға тоғыстыру өте маңызды. Сұхбатқа назар салсақ.
Риззат Тасым, Қазақстандық қоғамдық даму институтының институционалды талдау және реформалар орталығының директоры:
Тізімнің ішіне қарасаңыз, экономика, әлеумет, цифрлық дамуға қатысты түрлі зерттеу орталықтарының мүшелері бар. Бұл шынымен де айтар едім - қоғамды да, қазақи арман қандай дейтін жанама сұраққа жауап беруі тиіс, одан бөлек біздің ұлт ретіндегі алдағы уақытта дамуымызда қандай мақсат-мұрат болуы керек дегенге жауап беретін үлкен құжат болмақ.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Осылайша Қазақстан өңірде стратегиялық жоспарлауға баса мән беріп, болашақ дамуының бағдарын айқындауға ден қойып отыр. Еліміз жаңа тарихи кезеңдегі өз орнын күні бұрын айқындап, ұзақмерзімді даму басымдықтарын жүйелі түрде белгілеп келеді. Мұндағы түпкі мақсат ел егемендігін нығайту, экономиканы өркендету және халықтың әл-ауқатын арттыру дейді сарапшылар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы