Бейнеу ауруханасына 42 жылдан кейін күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр
«Халықтық құрылыс» жобасы аясында республика бойынша 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады. 70-ке жуық медициналық нысан бой көтереді. Ал Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында емхана, Сайын Шапағатов ауылында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығы салынады. Сонымен қатар Бейнеу аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 42 жылда алғаш рет жаңартылып жатқан медициналық мекеме заманауи талапқа сай жабдықталады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Бейнеу аудандық ауруханасына 42 жылда алғаш рет күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ғимараттың жылу жүйелері, су, кәріз жүйесі толығымен ауыстырылған. Нысанның сыртқы қасбетінің өзі арнайы жылу сақтағыш металмен қапталуда.
Аурухана кешені 11 блоктан тұрады. Қазір оның бесеуінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарына 120-дан астам адам жұмылдырылған. Алғашқы бес блокты желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Кешеннің қалған ғимараттарын жөндеу жұмыстары келесі жылдың бірінші тоқсанында жалғаспақ.
Ержан Тұрғанбаев, Мердігер мекеменің өкілі:
Науқастарға палаталарына қолайлы, заманауи шешімдер оңтайландырылып, орнатылды. Оны атап өтетін болсақ, науқастар дәрігерді шақырмай-ақ, сол жерде түймені басып, шақыра алатын мүмкіндіктер бар. Жағдайы нашар науқастарға өте қолайлы. Сонымен қатар жеке жарық шамдары орнаталған.
Аурухананың жөндеу жұмыстары «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізіліп жатыр. Бейнеу - облыс орталығынан шалғай аудан. Сондықтан күрделі жағдайдағы науқасты Ақтауға жеткізу оңай емес. Санавиацияның өзі үш сағатқа жуық уақыт алады. Сондықтан енді ауруханада қажетті медициналық қызметті барлығы болады.
Сәбит Кеулімжаев, Бейнеу аудандық ауруханасының бас дәрігері:
Максимально енді ертең осында қызмет көрсетеміз біздерде осында КТ аппаратымыз бар енді осы ұлттық жоба аясында МРТ аппарат келеді бұйырса жылдың соңына дейін. Біздер шалғай аудан сондықтан осы жерден бізде көпбейінді деп травматологиялық бөлімшесі мен және инсульт орталығы ашылып жатыр.
Аурухана 170 төсек-орынға арналған. Қазір науқастар басқа блоктарда ем қабылдап жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, бөлімшелер осы ғимараттарға көшіріледі. Сонымен қатар ауруханаға жаңа мамандар шақырылуда. Биыл 14 дәрігер жұмысқа қабылданған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы