Басты Жаңалықтар Музей мен мұрағатқа жаңа ғимарат керек

Музей мен мұрағатқа жаңа ғимарат керек

Батыс Қазақстан облысының тарихи-өлкетану музейі мен мемлекеттік архивіне жаңа ғимараттар керек. Еліміздегі ең көне мұражай 1879 жылы салынған тарихи ғимаратта жұмыс істеп тұр. Қоймаларында қор сақтайтын орын қалмаған. Жәдігерлер қалыпты температурада сақталмағандықтан, алды бүлініп жатыр. Облыстық мұрағат та ыңғайластырылған ескі орынжайда отыр. Қоймалар лық толғандықтан, қазір тіпті құжат қабылдауды тоқтатқан.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Облыстық тарихи-өлкетану музейі 150 жыл бұрын салынған осы көне ғимаратта орналасқан. Мұны әу баста қазақ байлары мектеп ашамыз деп шығыс үлгісінде салдырған. Сол үшін де тарихи жағынан құнды, келбеті көрікті болғанымен, музейдің әлеуетін толық ашуға тарлық етіп тұр.

Сәулетті үйдің сырты көз тартқанымен, іші сыр беріп тұр. Жертөлесенде кірпіші үгіліп, шатырынан су кеткен. Ең қиыны - қоймаларда қор сақтайтын орын жоқ.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Жәдігердің ішіндегі жәдігер. Музей қорында экспозициялар осылай бірінің үстіне бірі қойылған. Мысалы, мына жиһаздардың өзі XIX ғасыр аяғы мен XX ғасыр басында қолданылған. Ал қазір мұнда ескі киімдер сақтаулы тұрө. Өйткені бөлек қоятын орын тапшы.

Бейімделген ғимаратта желдеткіш жүйесі қаралмаған. Бірқалыпты температура сақталмайды. Барлығы үш қоймада 120 мыңнан аса зат бірлігі жинақталған.

Гүлзада Бақытова, бас қор сақтаушы:

Жәдігерлерді сақтау үшін бөлме температурасы 18-20 градустан жоғары не төмен болмауы керек. Мысалы, мына шкаф, сервант өзі жәдігер. Бұл бос тұруы керек. Сақталуына біз жауап береміз ғой. Қоймамыз өте тар.

Музей жанындағы екі қабатты кеңсе де жүз жыл бұрын салынған. Мұнда археология мен этнография бұйымдары бір қоймада  тұр. Бұл жәдігер сақтау талапбына еш сай келмейді.

Жантас Сафуллин, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

Бізде музейімізде 200 мыңнан аса сақтау бірлігі бар. Солардың бәрін халыққа жақсы етіп көрсету үшін кең көлемде экспозициясы болуы керек. Одан бөлек мәдени мұраларымызды зерттейтін өзіміздің орталықтарымыз болғаны, реставрациялық, ғылыми-зерттеу орталықтары болғаны өте қажет. Қазіргі ғимаратымыз ондай кең ауқымды жұмыс жасауға мүмкіндік бермейді.

Музейге көрші тұрған мұрағаттың жағдайы да көңіл көншітпейді. Мұнда 600 мыңнан астам іс сақтаулы тұр. Ал ғимарат 300 мың дана құжатқа шақталып  салынған. Яғни қор көлемі екі есе көп. Қазір қоймаларда іс-қағаздың сыймай тұрғаны соншалық – мекеме архив қабылдауды тоқтатқан.

Альбина Шанкешева, облыстық мемлекеттік архивінің бас қор сақтаушысы:

Бұл ғимаратымыз құжаттардың сақталуына кері әсерін тигізіп отыр. Заң бойынша қоймаларда 17-18  градус жылылық болуы керек. Ал қазіргі таңда бізде қыстың салқыны кейде -20-15 градусқа дейін түсіп кетеді. Ескі ғимарат болғандықтан, шатырдан да су кетеді.

Музей мен мұрағаттың мүшкіл хәлінен облыс әкімі де хабардар. Жаңа ғимарат салу мәселесі алқалы жиындарда бірнеше мәрте көтерілді.

Нұркен Молдашев, облыстық Құрылыс басқармасының басшысы:

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар бойынша көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мәдениет нысандарына келетін болсақ, келер жылы осы «Ақжайық» шағынауданында облыстық архив және облыстық музей құрылысын жоспарлап жатырмыз.

Мемлекет басшысы жолдауда келер жылы өңірлерде 50 әлеуметтік нысан салуды тапсырды. Жайық жұртшылығы да аймақтағы мәдениеттің мәйегі музей мен мұрағат мәселесі ұмыт қалмайды деп сенеді.

Бөлісу