500-ге жуық көлік жуу орталығы су үнемдеу жүйесіне көшкен
Келер жылдан бастап тіршілік нәрін бейберекет пайдаланатын нысан иелеріне талап күшейеді. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлер көлік жуатын орталықтарға бес жыл ішінде су үнемдеу технологиясын кезең-кезеңімен енгізуі керек. Өйткені, қазір еліміздегі 3 мың 200-ден астам кешеннің 500-і ғана пайдаланылған суды тазартып, қайта қолданады. Жаңа қондырғыларды орнату арқылы бизнес өкілдері шығынды қанша пайызға азайта алады?
Қазақстан – трансшекаралық өзендерге тәуелді мемлекет. Өйткені елімізде жыл сайын қалыптасатын 100 миллиард текше метр судың тең жартысына жуығы іргедегі елдерден келеді. Сондықтан қолда бар ресурсты, әсіресе, ауыз суды үнемдеу маңызды. Бұл ретте көлік жуу орталықтарында пайдаланылған суды қайта қолданудың маңызы зор. Мәселен, қазір Астанадағы 330 кешеннің 115-і жаңа жүйеге көшкен.
Досжан Сламбеков, Орталық басқарушысы:
Біздің нысанда су тазалайтын жабдықтың ең алғашқы үлгілерінің бірі тұр. Қондырғыны осыдан 5-6 жыл бұрын орнатып қойғанбыз. Экологиялық нормаға сай келеді. Ал резервуарымыздың сыйымдылығы - 7 текше метр. Ескеру керек, қайта өңделген судың көлікке зияны жоқ. Ең бастысы, сүзгілерді уақытылы ауыстырып отыру қажет.
Рүстем Айткәрім, тілші:
Мамандардың есебінше, бір автокөлікті жууға орта есеппен 200 литрге жуық су жұмсалады. Ал сол пайдаланылған сұйықтық үш кезеңде тазартудан өткізіледі. Жүйе алдымен суды лай мен тастардан, кейін май мен өзге де қоспалардан арылтады. Міне содан кейін ол резервуарға жинақталады.
Бұл тәсіл кәсіпкерлерге тіршілік нәрін 80 пайызға дейін үнемдеп, коммуналдық шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Тимур Бабанаев, «Астана су арнасы» МКК өнім өткізу қызметінің басшысы:
Су кодексінің талаптарына сәйкес негізі кезең-кезеңімен көшіру уақыты берілген. Қазіргі таңда енді мекемемен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Хабарламалар беріліп жатыр кәсіпкерлерге.
Ал Алматыда ескертуді елемегендерге қатысты нақты шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, Әуезов ауданында 60-қа жуық орталық тексеріліп, 7-уі су жүйесінен ажыратылыпты.
Ербол Салихбаев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің департамент басшысы
Су кодексіне өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, кешегі ел басшысының тапсырмасына сәйкес оны ары қарай нақтылау, тарифті көтеру мәселелері қарастырылуда аталған мәселелердің барлығы 2027 жылдың бірінші, екінші жартысына дейін нақтыланып енгізіледі бұл жайдан жай емес болашақта 40-50 жылдары су тапшылығы енді 100 пайыз болмағанымен де су көлемі азаяды.
Атап өтейік, былтыр еліміздің коммуналдық секторында 1 миллиард 300 миллион текше метр су пайдаланылған. Сала мамандарының айтуынша, жаңа технологияларды кеңінен енгізу арқылы бұл көрсеткішті 20 пайызға дейін қысқартуға болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы