Құрылтай депутаттары үндеу жариялады
Құрылтай депутаттары да Президенттің «Халықтық құрылыс» бағдарламасын қолдауға шақырып отыр. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай жасаған үндеуінде олар еліміз зор жетістіктерге жеткенін атап өтті. Әсіресе соңғы жеті жылда түбегейлі өзгерістер болды дейді депутаттар. 1300-ден астам мектеп, 1483 балабақша, 1259 медициналық мекеме, 536 спорт және мәдениет нысаны салынып, 625 кәсіпорын іске қосылғаны жөнінде дерек келтіріпті. Әрі әділеттілік, заң мен тәртіп салтанат құрып, экономика өрлеп, барлық салада өсім барына мән берген. Соңғы үш жылда Ұлттық қордағы инвестициялық табыстан 7 миллионнан аса баланың есепшотына қомақты қаржы аударылғанына да назар аударған. Конституциялық реформа мен тұтас саяси жүйенің түлеп, жаңа саяси институттардың құрылуы – Қазақстанның жаңа дәуірінің бастауына айналғаны айтылды үндеуде.
Дихан Қамзабекұлы, ҚР Құрылтайы депутаты:
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан тұтас дәуірге татитын күрделі де жауапты кезеңді бастан өткерді. Тәуелсіздіктің 35 жылдығын алдағы өсу көкжиегімізді, нақты мақсат-мүддемізді айқындайтын жауапты кезеңге айналдыруымыз керек. Дәл бүгін жұдырықтай жұмылып, ұлт болып ұйысып, Президент жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс» халықтық бастамасын нақты іспен қолдауымыз керек. Тіпті бұл әрбіріміз үшін абыройлы міндет. Халық игілігіне арналған жүздеген әлеуметтік әділеттіктің жалпыұлттық құрылысы осы күнге өнеге, келешекке мақтаныш болады деп сенеміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы