Елімізде әуе компаниялар саны 53-ке жеткен
Министрлер кабинеті баспана мәселесін ғана емес, басқа да бірқатар өзекті тақырыптарды талқыға салған болатын. Солардың бірі — азаматтық авиациянының дамуына соны серпін беру жайы. Оған барлық мүмкіндік бар. Тәуелсіздік жылдары әлемдік авиация нарығынан өз үлесімізді еншіледік. Ұшу қауіпсіздігі бойынша Халықаралық азаматтық авиация ұйымы рейтингіндегі көрсеткіштеріміз де жыл сайын ілгерлеп келеді. Төрткүл дүниеге әуе кемелеріміз толассыз ұшып жатыр. Қауіпсіздік мәселесіне қатаң қарайтын Еуродақ елдерінің көгін 5 отандық әуе компаниямыз емін-еркін көктей өтеді.
Ендігі мәселе қазақ аспанының транзиттік әлеуетін барынша пайдалану. Атап айтқанда, жолай біздің әуежайларға аялдап, дамылдап барып аттанатын жолаушы санын алдағы үш жылда 1 миллион 600 мыңға жеткізу мақсаты тұр. Сонымен қатар, аймақтық авиацияларды барынша түлету де уақыт күттірмейтін мәселе. Қазақтың әуе тасымалы әлеуетін арттыру үшін не істемек керек?
Азаматтық авиация Тәуелсіздік жылдары қарыштап дамыды. Қазір елдегі әуе компаниялар саны 53-ке жетті. Ұшақтар да жыл санап артып келеді, бүгінде мыңға жуықтады. Мемлекет басшысының жуырда АҚШ-қа жасаған сапары барысында олардың қатары тағы заманауи 9 ұшақпен толығатыны белгілі болды. Азаматтық авиацияның толассыз дамуы жолаушылар санының да жыл сайын артуына септігін тигізді. Мәселен, өткен жылы еліміздегі әуежайлар 14 миллион 200 мың жолаушыға қызмет көрсеткен. «Бұл көрсеткіштің бір жылдың ішінде 17 пайызға өскені түсінгенге көп жетістік» - дейді сала мамандары.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
- Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда авиациялық жұмыс яғни, тасымылдау 23 пайызды көрсетті. Бұл Тәуелсіздік жылдарындағы ең жақсы көрсеткіш. Әрине, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу де үлкен ықпал етті. Себебі, жолаушылардың көбі елімізге ұшақтар арқылы келді. Ал, Қазақстан әуе жолы арқылы жүретін жолаушылар транзиті 30 пайызға жуық өсті. Авиациялық көлікпен жүк тасымалдау болса, 24 пайызға артты.
Ұшақ салыстырмалы түрде ең қауіпсіз көлік саналады. Қазақстан да азаматтық авиацияның қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстайды. Эксперттер бұл мәселеге қатысты, үнемі тексеру мен аудит жүргізіп тұрады. Оның сыртында «Ұлт жоспары» бағдарламасы аясында авиациялық саланы мемлекеттік реттеудің британдық үлгісіне көшіру көзделген. Британдық модель әлем бойынша басқарудың аса озық формаларының бірі, сонымен қатар, ұшу қауіпсіздігі саласындағы бақылау мен қадағалауды қамтамасыз етуді тиімді үйлестіреді. Мұндай іргелі істер транзиттің артуына жаңаша серпін береді.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
- Соңғы 8 жылда яғни, 2009 бен 2017 жылдары Қазақстанның әуекомпанияларын пайдаланатын транзиттік жолаушылар саны 30 еседен астам өсті. 20 мың адамнан 620 мыңға дейін. Қазақстан арқылы транзитпен өтетін жолашулардың негізгі ағымдары мынадай бағыттар бойынша байқалады. Ең әуелі Қытайдан Еуропаға, Қытайдан Түркияға, Қытайдан Ресейге және Қытайдан Украинаға. Еуропа мен Онтүстік Корея арасында, Еуропа мен Индия арасында және басқа да бірқатар бағыттар бар.
Демек, транзиттік әлеуетті толық пайдалануға мүмкіндік мол. Инвестициялар және даму министрі биыл Қазақстан арқылы ұшатын жолаушылар санын 900 мыңға жеткіземіз деп отыр. Ал, 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті тіпті 1 миллион 600 мыңға дейін арттыруды мақсат етіпті. Ол үшін тисті инфрақұрылымдар жасалған. 2013 жылы ұшақтар Қазақстаннан 73 бағыт бойынша ұшса, былтыр ол 96 бағытқа жеткен. Ал, әуежайларымыздағы халықаралық тарифтердің өзгермегеніне он жылдан асқан. Керісінше, теңгенің әлсіреуінен төлем құны екі есе арзандаған. Себебі, олар төлемді теңгемен жасайды. Оның үстіне биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Астананың Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының жаңа терминалының құрылысы аяқталды. Ол Астананы Орталық Азия аумағындағы хаб ретінде дамытуға мүмкіндік береді. Ендігі міндет — жаңа рейстерді арттыру, ең бастысы, транзиттік виза мәселесін реттеу.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
- Пилоттық режимде өткен жылы 72 сағаттық визасыз режим Қытай Халық Республикасы азаматары үшін енгізілді. «Эйр Астана» бұл мәселеде бастама көтеріп, Астана, Алматы транзиттері бойынша шешім қабылданды. 2018 жылы бұл бастама жалғасын табу үшін қолдау көрсетілгені үшін алғысымды білдіремін. Енді Үндістан бағыты үшін де осындай шешім қабылданады деп үміттенеміз.
Жағрапиялық жағынан қолайлылығымыз өзгелер үшін транзиттік тұрғыдан ыңғайлы. Оның үстіне Қазақстан аумағында ұзындығы 84 шақырым болатын барлығы 92 әуе трассасы бар. Тәулігіне 700-ден астам әуе кемелері ұшып өтеді. Транзиттік ұшулардың негізгі бөлігі яғни, 80% ел аумағында Еуропа мен Оңтүстік Шығыс Азияны қосатын 12 негізгі бағдар бойынша жүргізіледі.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер – министрі:
- Дәл төрт жыл бұрын бізде транзит арқылы өтетін жолаушы саны нөл болатын. Ал, биыл біз 800 мың адамға жеткізгелі отырмыз. Мұның сыртында бұған дейін де көтерілген Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режим енгізу өте маңызды. Олардың миллиардтаған тұрғыны бар екенін ескере отырып, біз арқылы өтетендердің санын арттыруға болады. Егер бұл мәселені шешсек, биыл біздің жолаушылар транзитін пайдаланатындар санын 800 мың емес, миллионнан асыра аламыз.
Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық виза мәселесімен Инвестициялар және даму министрі, Мәдениет және спорт министрлігі мен тиісті органдар айналысады. Сонымен қатар, 26 жыл бойы үлкен авиацияға басымдық беріліп, кіші авиация біраз кенже қалған болатын. Биылдан бастап шағын қалалар мен елді мекендерге ұшақ қатынасы мәселесі шешіле бастайды. Осы мақсататта арнай бағдарлама қабылданады. Алдағы уақытта 16 аэродром салынады. Өткен жылдың өзінде Үржар мен Үшарал секілді шағын қалаларда ықшам әуежайлар ашылды.
Алдағы жылдары шағын қалалар мен елді мекен тұрғындары кішігірім ұшақтармен қатынай бастайды. Облыстар мен қалалар арасындағы әуе байланысының жандануы ішкі туризмнің дамуына да жаңаша леп береді.
Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы