«Жібек жолы» кеден бекеті қайта ашылды
Қазақстан – Өзбекстан шекарасында кешенді жаңғыртудан өткен «Жібек жолы» кеден бекеті қайта ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңғырту жұмыстары былтыр мамырда басталды. Бекеттің инфрақұрылымы толықтай жаңғыртылып, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылды. Аумағы кеңейтіліп, жалпы ауданы 10 мың шаршы метрге жуықтайтын екі жолаушылар терминалы салынған. Кіреберістегі қозғалыс жолақтары 2-ден 6-ға дейін ұлғайды. Терминал төлқұжатты тексеруге арналған 82 кабина және 20 автоматтандырылған Q-gate паспорттық бақылау жүйесімен жабдықталған. Заманауи жүйелер жекелеген бақылау рәсімдерін электронды форматта жүргізіп, жолаушыларға қызмет көрсету аясын кеңейтуге жол ашады. Бүгін Өзбекстан тарапындағы «Гишт куприк» шекара өткізу пункті де ресми түрде өз жұмысын бастады. Жаңартылған нысандардың ашылуына Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев пен Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Жамшид Кучкаров қатысты.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
Жаңа реконструкция жасағаннан кейін бұл пункттің қабілеті, адам өтуі 4 есеге өтеді. Күніне 100 мың адамға дейін өткізуге мүмкіншілік бар. Одан басқа 400 автобус және 2-2,5 мың автокөлік өтуге болады. Кім жүкпен келеді олар бөлек өтеді. Жүксіз келе жатқан адамдар тез өтеді. Олар ары кетсе 5-10 минутта өтіп шығады.
Кедендік бақылау бағытында рентген аппараттарының саны көбейтіліп, жолаушыларға арналған сканерлер, радиацияны тексеретін жабдықтар қойылған. Сонымен қатар автобустар мен жеңіл көліктерді тексеруге арналған инспекциялық-тексеру кешендері орнатылған. Оның бірі елімізге келетін азаматтарды қабылдауға арналса, екіншісі шекарадан өтетіндерге шақталып салынған. Автокөліктерді тексеру үшін ауданы 6 мың шаршы метр болатын ортақ нысан салынған. Жалпы жаңартылған бекет екі ел арасындағы туризмнің әлеуетін арттырып, халықаралық жолаушылар тасымалын жақсартуға сеп болмақ. Қазақстан арқылы өтетін транзиттік көліктердің әлеуетін арттырады.
Саид Сүйінханов, Қабланбек ауылының тұрғыны:
Мен шекарадан жиі өтемін өзім. Алдында «Қабланбек» кеден бекетінде кептеліс болатын. Әсіресе мереке күндері. Суткілеп очередь күтетін кездер болады. 2-3 күнге қалып кетеді жеңіл көліктер. Қазір мына жерді көріп жатырмыз. Өте керемет. Енді кептеліске ұшырамайтын шығармыз деген ниеттеміз құдай қаласа.
Читайте также
Все