SHARE Kazakhstan 2026 халықаралық форумы өтті
Алматы 2040 жылға қарай қандай қалаға айналады? Көлік кептелісі азайып, мектеп пен аурухана тұрғындарға қолжетімді бола ма? Шаһардың болашақ келбеті SHARE Kazakhstan 2026 халықаралық сәулет және урбанистика форумында талқыланды. Басқосуға бірнеше елден сәулетшілер мен урбанистер жиналып, мегаполисті дамытудың жаңа идеяларын ұсынды. Бір анығы, енді алып шаһар бес полиорталыққа бөлініп дамиды.
Ұлыбритания, Германия, Дания, Испания және өзге елдерден келген сәулетшілер мен урбанистер қаланың болашағына қатысты тың ұсыныстарын ортаға салды. Ал Алматының жаңа Бас жоспары бойынша, мегаполис бес полиорталық негізінде дамиды. Яғни, қажетті орталықтар тек қаланың қақ ортасында емес, барлық ауданда қолжетімді болады. Мектеп, балабақша, аурухана секілді нысандарды тұрғын үйлерге барынша жақын салу жоспарланған.
Дархан Сатыбалды, қала әкімі:
2040 жылға қарай қала халқының саны 3,6 миллион адамға жетуі ықтимал. Алайда қаланың бұрынғы даму үлгісі қазірдің өзінде көлік жүйесіне, инфрақұрылым мен экологияға айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Біз үшін қаламызға сырт көзбен берілген кәсіби бағаларыңыз және қазақстандық әріптестермен бірлесіп, Алматының нақты аумақтарына ұсынатын пікірлеріңіз маңызды.
Осылайша, қала әкімі бірлескен жобаларға ашықпыз деді. Бастысы шаһардың келбеті Үкіметтің қарашада бекіткен Бас жоспарына сай дамиды. Әуелі, көлік кептелісін азайту үшін метро Қалқаманнан «Барлық» базарына дейін, ал Жібек жолынан әуежайға қарай ұзартылмақ. Жеңіл рельсті көлік желісі де кеңейеді. Қалаға кіреберісте тұрақтар салынып, жүргізушілер қоғамдық көлікке ауыса алады. Сарапшылардың ортақ ұстанымы – Алматыны жаяу жүргіншілерге қолайлы қалаға айналдыру.
Александр Шпитцер, GEHL компаниясының жобалар бойынша директоры:
Лондондағы Оксфорд-стрит пен Нью-Уорктегі Таймс-скверде аумақтың 10 пайызы ғана көлікке, ал 90 пайызы жаяу жүргіншілерге арналған. Алматыда да жаяу жүргіншілерге арналған осындай аумақты көбейту қажет. Сондай-ақ тұрғындар күнделікті қажетті орталықтарға жаяу 15 минутта жете алуы керек.
Тозығы жеткен үйлердің орнына жаңа ғимараттар салынып, кейбір аумақтар мектеп пен балабақшаға беріледі. Шетелдік сәулетшілердің жобалары мақұлданса да, қаланың өзіндік ерекшелігі сақталады, дейді отандық мамандар.
Читайте также
Все