Главная Новости Қазақстан мен Ресей 124 жобаны іске асырды

Қазақстан мен Ресей 124 жобаны іске асырды

Қазақстан мен Ресей күн тәртібіндегі 178 ортақ жобаның 124-ін іске асырды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Кремльде Владимир Путинмен кездесу кезінде мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, екі елдің тауар айналымы 30 миллиард долларға жақындап келеді. Келіссөз барысында жасанды интеллект саласындағы әріптестік мәселесі де сөз болды. Мәскеуден Шерхан Жамбылұлы баяндайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Ресей. Аю таңбалы алып көршіміз. Стратегиялық серіктесіміз саналады. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара Қазақстан мен Ресейге тиесілі. Сан салада тығыз әріптестік орнаған. Талқылайтын мәселе де көп. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі апта ішінде екінші мәрте жүздесіп отыр.

Кремль сарайы. Сәрсенбінің кешінде президенттер ортақ мәселелерді сарапқа салды. Кездесу жасанды интеллектке арналған AI Journey конференциясы қарсаңында өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жаңа технологияларды дамытуға басымдық беріп отырғанын айтты. Президенттің сөзінше, еліміз БҰҰ-ның электрондық үкімет рейтингінде 24-орыннан 16-орынға көтерілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір бәрі жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект келешектің келбетін қалай өзгертетінін айтып жатыр. Сондықтан осы жолғы форум, ең алдымен, біз үшін айрықша өзекті. Өйткені шын мәнінде цифрландыруға, жасанды интеллектіні дамытуға баса мән беріп отырмыз.

Тату көршілік, көпқырлы әріптестік. Бүгінгі қазақ-орыс байланысының сипаты осындай. Алыс-беріс 30 миллиард долларға жақындап келеді. Владимир Путиннің сөзінше, өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесі 90 пайыздан асты.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Үкіметаралық комиссия қос тарапта да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда, барлық бағытта ойдағыдай ілгерілеп келеміз. Меніңше, біздің тұрақты кездесулеріміз осы үдерістің қарқын алуына белгілі бір деңгейде оң әсер етіп отыр.

Мамыр айында Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген. Тараптар 178 жобаны жүзеге асыруға уағдаласқан еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазірдің өзінде оның 124-і жүзеге асқанын айтты. Кездесуде инвестициялық байланыстарды кеңейту және сан саладағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері де сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Менімен бірге үлкен делегация келді. Олардың қатарында цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатқан барлық бизнес саласының өкілдері бар. Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда кеңінен танымал. «Сберді» және еліміздегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналатын «Яндекс Қазақстан» компаниясын айрықша атап өткім келеді.

Әңгімелесу барысында халықаралық және өңірлік мәселелер де қозғалды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Си Цзиньпин, Дональд Трамп және Владимир Путин қатысқан үшжақты саммиттің қорытындысына тоқталды. Қазақстан Президенті сол жиында қабылданған декларацияға оң баға беріп, оны Ресей дипломатиясының жетістігі деп атады.

Поделиться