Главная Новости Трамп әкімшілігі тағы да сауда соғысын бастауға жақын

Трамп әкімшілігі тағы да сауда соғысын бастауға жақын

Президент Дональд Трамп АҚШ-тың ірі сауда серіктестерінің тауарларына тарифті тағы да көтеретінін жариялады. Құрама Штаттар жетекшісі мұндай мәлімдемені келесі айда Майамиде Қытай төрағасы Си Цзиньпимен кездесер қарсаңда жасап отыр. Кейбір бақылаушылардың ойынша, Вашингтон кеден салығын дүниежүзілік сауданы немесе «әлемдік фабриканы» Бейжіңнің бақылауынан шығару үшін қолданып жатыр. Осы орайда халықаралық шолушымыз Арыстан Рысбекке бірнеше сауал қойсақ. 

Ия, президент Дональд Трамп дүниежүзі экономикасын қайта шиеленістіруге кіріскендей. Қарашаның 25-де Құрама Штаттар жетекшісі Американың бір емес, 14 серіктесіне қатысты тарифтерді көтеретінін жариялады. Оның мәлімдеуінше, Ақ үй әкімшілігі мұндай шешімді 8 ай бойы жүргізілген зерттеу нәтижесінде әлемдік өндірістің қарқыны шектен шығып кеткені анықталғаннан кейін қабылдап отыр.

Айта кетсек, жаңа тарифтерден ең көп зардап шегетін ел – Қытай. Вашингтон бұған дейін оның тауарларына кеден салығын 25 пайызға дейін көтерген еді. Енді, міне ,сол тарифке тағы 20 пайыз қосылайын деп отыр. Ал бірқатар сарапшылардың ойынша, мұны Бейжіңнің жауапсыз қалдыруы екіталай.

Якоб Фанк Киркегор, Bruegel сараптамалық орталығының аға ғылыми қызметкері:

Менің болжамымша, Қытай жауабын береді. Оның қашан жүзеге асатыны жөнінде, бәлкім, ұзақ уақыт дауласуға болар. Бірақ Қытай үнсіз, қол қусырып отырады деп мүлде ойламаймын.

«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, АҚШ қазір кеден салығын экономикалық қару ретінде қолданып, өзге елдерді Қытайдан алшақтатуға және онымен арада сауда барьерлерін тұрғызуға итермелеп жатыр. Яғни, Америка осылайша, жаһандық сауданы Бейжіңнің бақылауынан шығарғысы келеді. Осы тұста айта кетейін, Қытайдан бөлек Трамп әкімшілігі Европа одағы, Сингапур, Швейцария, Индонезия, Малайзия, Камбоджа, Таиланд, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Тайвань, Бангладеш, Жапония және Үндістан өнімдеріне де тариф енгізу жоспарын жариялады. Осыдан бірер сағат бұрын Қытай сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Құрама Штаттардың бұл саясатын «қателік» деп сипаттады.

Хэ Ядун, Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі:

Қытай Құрама Штаттарды қате әрекеттерін түзетіп, дұрыс жолға түсіп, проблемаларды диалогпен, кеңеспен шешуге шақырады. Және де Қытай оқиғаның әрі қарай өрбуін мұқият бақылап, өзінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін барлық шараларды қолданады.

Арыстан, ұмытпасақ, Америка әкімшілігі былтыр да әлемге тариф соғысын жариялағаны белгілі. Сол тайталаста кім басым түсіп еді?

Арыстан  Рысбек, тілші:

Иә, Альбина, расында да өткен жылы сәуірде Трампты «Азат ету күнінің тарифі» деген ұран бүкіл әлем тауарларына импорттық салықты көтерді. Бірақ ол шешімді АҚШ-тың Жоғарғы соты заңсыз деп тапты. Ал Америка нарығында серіктес елдерден келетін өнімдердің құны шарықтап кетті. Сол кезде Қытай америкалық тауарларға салықты көтеріп қана қоймай, сирек металл өндірісіндегі үстемдігін пайдаланып, осы шикізатқа экспорттық бақылауды күшейтті. Мұның нәтижесінде бүкіл әлемде автомобиль өндірісінен, қорғаныс өнеркәсібіне дейінгі талай сала тұралай жаздағаны белгілі.

Поделиться