Главная Новости Мәслихат сайлауына дайындық аяқталды

Мәслихат сайлауына дайындық аяқталды

Елімізде мәслихат депутаттарының сайлауына дайындық пысықталды.  Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы саяси науқан «Заң мен тәртіп» аясында өтетінін мәлімдеді. Алдағы жексенбіде өтетін сайлауға қатысты соңғы деректерді әріптесім Ақниет Балтанова баяндайды.

Ақниет Балтанова, тілші:

Иә, жексенбі күні республика бойынша 10 338 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олардың бәрі сайлаушыларды қабылдауға әзір. Оның 101-і таңғы 6-да есігі ашылады. Қалғаны тәртіпке сай 7:00-ден 20:00-ге дейін сайлаушыларды күтеді. Елде дауыс беру құқығына ие 13 миллионға жуық азамат бар. Сондай-ақ 86 мыңнан астам комиссия мүшесі арнайы даярлықтан өткен. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мүгедектігі бар азаматтарға дауыс беру үшін толық жағдай жасалуы керегін баса айтты. Өңірлер бұл тұрғыда сақадай саймыз деп есеп берді. Мәселен, Жетісу облысында 4 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар тұрғындар тіркелген. Науқан күні оларға 29 сурдоаудармашы мен 32 инватакси қызмет көрсетеді.

Сұңқар Қадыров, Талдықорған қалалық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

Қолжетімділік бойынша барлығы толыққанды дайын. Талдықорған қаласында инватакси өз қызметін атқарады. Қосымша мүгедектігі бар азаматтар жылжымалы жәшіктермен үйде дауыс бере алады.

Айта кетейін, партиялық тізім бойынша 7 саяси ұйым сайлауға қатысып, жалпы саны 1160 кандидат ұсынған. Ал бірмандатты сайлау округі бойынша 9442 үміткер бақ сынайды. Демек 1 орынға 3 кандидат таласады. Осылайша елдегі 228 мәслихатқа жалпы саны - 3447 депутат сайланады.

Ақниет, бүгін түнгі 12:00-де тыныштық күні басталатыны белгілі. Сайлаушылар қандай әрекеттерден сақ болғаны жөн?

Ақниет Балтанова, тілші:

Бүгін Бас прокуратура қазақстандықтарды тыныштық күнінде заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Өйткені кез келген сайлауалды үгіт-насихатқа тыйым салынады. Бұл талап әлеуметтік желілерге де қатысты. Заң бұзған жеке тұлғаларға 65 мың теңгеге жуық айыппұл көзделген. Бұдан бөлек, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді, яғни азаматтар нақты қай кандидатты таңдағанын көрсетіп, фото не видео түсіріп, таратуына болмайды. Сауалнама нәтижелері мен сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды жариялауға да тыйым салынған. Сондай-ақ мәслихат сайлауы өтетін күні 15 өңірде күн райы қолайсыз болады деген болжам бар.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Еліміздегі қолайсыз ауа райына қатысты жағдайларға дайындықты пысықтауымыз қажет. Әсіресе шалғай елді мекендерде жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар, коммуналдық қызметтердің өзара іс-қимылын алдын ала үйлестіру маңызды.

Ақниет Балтанова, тілші:

Күн райы күрт бұзылып, жарық сөнсе де, сайлау учаскелерінде компьютер мен интернет жұмыс істеп тұруы керек. Орталық сайлау комиссисяның төрағасы осылай деп тапсырма берді. Бұл жұмыстар жауапты мекемелермен біріге атқарылады деп жоспарланған.

Поделиться