Главная Новости Маңғыстауда мектеп мәзіріне ұлттық сусын – шұбат қосылды

Маңғыстауда мектеп мәзіріне ұлттық сусын – шұбат қосылды

Маңғыстауда оқушылардың ас мәзіріне ұлттық сусын - шұбат енгізілді. Облыс әкімінің қолдауымен екінші тоқсаннан бастап мектептерде түйе сүтінен дайындалған сусын беріле бастады. Жоба қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласында жүзеге асып жатыр. Балаларға арналған өнім жергілікті сүт зауытында арнайы дайындалады.

Жаңаөзен қаласындағы 25 білім беру ұйымының барлығы ұлттық сусынмен қамтылған. Шұбат екі аптада бір рет бастауыш сынып оқушылары мен тегін ыстық тамақ ішетін балаларға беріледі. Мектеп басшылығы бұл бастама оқушылардың дұрыс тамақтануына ықпал ететінін айтады.

Күләш Жүгембаева, №5 мектеп-гимназиясының директоры:

Бүгін, міне, біздің мектебімізде қуанышты күн. Ұлттық сусын шұбат беріліп жатыр. Әрине мұның барлығы да облыс басшысының қолдауымен беріліп жатқандықтан, дән ризамыз. Ата-аналар да риза, оқушылар да риза. Себебі қазіргі кезде нарықта әртүрлі сусындар бар, газдалған, оның барлығы да балалардың асқазанына ауыр тиеді.

Шұбат - дәрумендер мен микроэлементтерге бай ұлттық сусын. Оны жергілікті халық ежелден тұтынып келеді. Сондықтан балалар да бұл сусынның дәміне үйренген, үйінде де ішіп өскен.

Әбдірахман Қаныбек, оқушы:

Біздің мектепте шұбат беріле бастады. Мен қатты қуаныштымын. Себебі  шұбаттың құрамында иммунитетті көтеретін витаминдер көп. Мен шұбатты күнде ішкім келеді.

Азиза Сәуірбай, оқушы:

Шұбат өте пайдалы, мен шұбат ішкеннен кейін өзімді сергек сезініп, сабаққа деген ынтамды арттырады. Мен достарымды шұбат ішуге шақырамын.

Шұбат Жаңаөзен қаласындағы сүт зауытынан жеткізіледі. Өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Сусын балалардың жас ерекшелігіне сай дайындалып, 200 грамдық арнайы құтыларға құйылады. Ол бір тәулікке ғана жарамды.

Шолпан Асанова, сүт зауытының технологы:

Бұл балаларға берілетін шұбат болғандықтан, біз оның құрамына мән береміз. Тазалығына мән береміз. Бұл жерде маңыздысы -  қышқылдығы. Балаларға қышқылдығы 70 проценттен 80 проценттен аспауы керек. 

Жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 171 миллион теңге бөлінген. Зауыт жылына 400 тонна шұбат өндіреді. Өндіріс орны алдағы уақытта өзге аудандардағы мектептерді де ұлттық сусынмен қамтуға дайын.

Поделиться