Тәліптер соғыстың аяқталғанын жариялады
Ауған тәліптері елде ондаған жылдарға созылған соғыстың аяқталғанын жариялады. Айта кетсек, олар мемлекетті жексенбі күні толық басып алды. Бірақ, радикалдық қозғалыс халықты қанша жерден сабырға шақырса да, мыңдаған адам шетелге қашу үшін әуежайға ағылып жатыр. Ад, авиациялық терминалды жайлаған бей-берекетсіздік кезінде оқ атылып, бірнеше адам қаза тапты.Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Бүгін Кабул әуежайындағы бей-берекетсіздік кезінде 5 адам қаза тапты. Олардың неден мерт болғаны әзірге белгісіз. Айта кетсек, кешеден бері мыңдаған ауғандық тәліптердің қатал билігінен қауіптеніп, әуежайға қашып жатыр. Және де жүздеген адам шетелге кету үшін Американың әскери ұшақтарына мінуге әрекет жасаған. Байбаламға салынған жұртты тоқтату үшін АҚШ сарбаздары аспанға оқ атты.
Соңғы мәліметке қарағанда, Құрама Штаттар өз елшілігі қызметкерлерін түгелдей эвакуациялады. Батыстың басқа елдері де дипломатиялық миссияларын көшіріп, қызметін тоқтатып жатыр.
«Талибан» болса, Ауғанстанның батысшыл үкіметінің армиясына небары бір аптада тойтарыс беріп, күллі елді басып алып, жексенбі күні Кабулге жетіп, президент сарайына да енді. Содан кейін радикалдық ұйым соғыстың аяқталғанын жариялады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстан жөніндегі өкілінің бұрынғы орынбасары Питер Гэлбрейттың пікірінше, билік әскерінің бұл соғыста ойсырай жеңілуіне ең алдымен коррупция кінәлі.
Питер Гэлбрейт, БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілінің бұрынғы орынбасары:«Талибан» үкімет әскерінен әлдеқайда кішкентай. Тәліптердің қолында билік армиясының қолындағы заманауи қару да, әуе күштері де, ұшақтары да жоқ. Бірақ, биліктің жемқорлыққа құныққаны сонша, ауған полициясы мен жауынгерлері айлар бойы жалақы алмады. Оларға құрал-жабдықтар да, оқ-дәрі да, азық-түлік те дұрыс берілген жоқ. Сондықтан, бәрібір ұтылатын соғыста ешкім өзін құрбандыққа шалғысы келмеді.
«Нью-ЙоркТаймс» газетінің хабарлауынша, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани Өзбекстанға қашқан. Ол Ташкентке жұбайымен және екі кеңесшісімен жетті деген мәлімет бар.
Ғани мұндай шешімді Кабулде қантөгіске жол бермеу үшін қабылдағанын мәлімдеп, «Фейсбуктегі» парақшасында жазба жариялады.
Көптеген ауғандық «Талибан» шариғат немесе исламдық діни заңдарды енгізіп, бұрынғы қатал тәжірибеге қайта оралады деп қауіптеніп отыр. Тәліптер 1996-2001 жылдары билік еткенде, Ауғанстанда әйелдер жұмыс істей алмады және таспен ұру, дүре соғу, дарға асу сияқты жазалар қолданылды. Дегенмен, Ислам Әмірлігін құруды мақсат еткен радикалдық ұйым бұл жолы әйелдердің құқықтарын құрметтеуге, шетелдіктерді де, ауғандықтарды да қорғауға уәде беріп отыр.
«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, соңғы апталардағы дүрбелеңнен кейін Ауғанстанда билік ауысып, бүгін тыныштық орнай бастаған.
Убайдулла, Кабул тұрғыны:Соғыстан, жарылыстардан, жанкештілердің бомба жаруынан әркім шаршады. Қазір жағдай өзгерді. Бәріміз тыныштық пен бейбітшілікте өмір сүреміз деп үміттенемін.
Президент Джо Байден болса, АҚШ -тың Ауғанстандағы әскери миссиясын тамыздың 31-іне дейін аяқтайтынын жариялай отырып, бұрынғы республикашыл президент Дональд Трамптың жоспарын жалғастырып, қазір үлкен сынға ұшырап отыр. Оның ойынша, Америка ауғаннан қашқан жоқ және әр ел өз жерін өзі қорғауы керек.
АҚШ 2001 жылғы 11 қыркүйектегі шабуылдан кейін Ауғанстанға басып кірді. Себебі, сол алапат терактіні жоспарлаған «әл-Каида» ұйымын «Талибан» ауған жерінде паналатты. Тәліптер билігін тез құлатқаннан кейін, Құрама Штаттар ондаған жылдарға созылған соғыс пен толқулардан қажыған Ауғанстанды заманауи елге айналдыруға үміттеніп, мемлекет құрылысына бет бұрды. Бірақ, Вашингтонның бұл жоспарының арада 20 жыл өтсе де орынмалмады.
Арыстан Рысбек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы