Алматыда зардап шеккен 40 шақты тамақтану орны жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін
Алматыдағы бүлік кезінде зардап шеккен 40 шақты тамақтану орны жабылып, 1000-нан аса адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Себебі, қираған нысандарды өздігінен қалпына келтіруге кәсіпкерлердің шамасы келмейді. Оған қоса дәмханаларды жалға алу құны да бір бүйірден қысып барады.
Қазір қалада бүлінген, қираған тамақтану орындарын кәсіпкерлер өздері шетінен қалпына келтіріп жатыр. Олай істемесек тоқыраған кәсіп құрдымға кетейін деп тұр дейді мейрамхана өкілі. Себебі, шығынды өтеу жөніндегі комиссияның қандай шешім шығаратыны әлі белгісіз.
Лика Гальвас, мейрамханалар желісінің менеджері:Біз қазір үкіметтен көмек сұрау үшін қол жинап жатырмыз. Өйткені, барлығын өз күшімізбен қалпына келтіруге шамамыз келмейді. Шығын көп. Өкінішке орай бізге ешкім көмек беруге құлшынып отырған жоқ.
Кәсіпкерлер қарап жатпай қолымызда барды қалпына келтіру жұмыстарына жұмсап жатырмыз дейді. Мәселен, рестораторлар клубының мәліметінше мына мейрамхананың өзіне 200 миллион теңгеден аса шығын келген.
Қуан Нұрақын, тілші:Қазіргі таңда Алматыда қоғамдық тамақтану орындарына келтірілген шығын көлемі 2 млрд теңгеге жуықтаған. Мына біз тұрған мейрамхананың жертөлесін бұзақылар қиратып, артынан өртеп кеткен. Қазір мұнда қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Қазақстан рестораторлар клубының мүшесі Әли Төлемісов дәмхана иелерін әсіресе, жалға алу құны қысып жатқанын айтады. Себебі, бүлінген тамақтану орындары екі аптадан бері жабық тұр. Жұмыстың уақытша тоқтауы кәсіп иелерінің қалтасына салмақ түсірген.
Әли Төлемісов, ҚР рестораторлар клубының мүшесі:Көптеген мейрамханалар арендада отыр. Олдарды арендаға беріп отырған кісілер кәсіпкерлер. Сондықтан оларда өзінікін бергісі келіп тұрған жоқ.
Қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы бұл мәселе күн тәртібінде тұр дейді. Қазір нысандарды жалға берушілермен келіссөздер жүріп жатқан көрінеді.
Айтуар Қошмамбетов, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры:Жалға берушілермен келіссөздер жүргізу арқылы зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетуді ұйғарып отырмыз. Көп кәсіпкерлер өздері өз бастарымен белгілі бір мерзімге жалға алу шығындарынан босату туралы шешім қабылдауда. Бұл туралы бөлек мәліметті жұмыс аяқталғаннан кейін берермін. Алайда механизмнің өзінде мұндай мәселе көрсетілмеген.
Мәселе тез арада шешілмесе тамақтану орындарына жабылу қаупі төніп тұр. Онсызда эпидахуалдың нашарлауынан келушілердің саны күрт азайғанда, бүлікшілер салған ойранның орнын толтыру мүмкін емес дейді кәсіпкерлер.
Қуан Нұрақын
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы