Алматыда 214 мыңнан астам борышкер банкроттық туралы өтініш бермек
Алматыда 214 мыңнан астам адам бір жылдан бері несиелері бойынша төлем жүргізбеген. Олар өздерін банкрот деп жариялауы мүмкін. Алайда мамандар бұл жеңілдіктің артында біраз шектеулер барын алға тартып отыр. Наурызда іске қосылатын жоба қалай жүзеге асады? Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бибінұр Шералиева осыдан 10 жыл бұрын қиын жағдайға тап болып, несиеге алған көлігін банк арзан бағаға саудалап жіберген. Содан бері темір тұлпарға қатысты салық оның мойнында. Жаңа қожайынның атына ауыстырылмаған. Бұдан бөлек, автонесиесін де жаппаған. Соның салдарынан шоттары бұғатталып, ресми түрде жұмысқа орналаса алмай келеді. Сол себепті ол банкрот туралы жаңа заңның мүмкіндіктерін пайдаланбақ.
Бибінұр Шералиева, борышкер:Менің таңдап отырғаным - үшінші пункті. Сот арқылы қарызды жабатын жолы бар екен. Қарыздан құтылу үшін, счетті ашу үшін осы заң керек болды. Менің үмітім сол. Балаларымның болашағын ойлаймын.
Астанадан арнайы келген мамандардың нұсқаулықтарын тыңдағандардың тілегі бір - қарыздан құтылу. Сауалдары да жетерлік.
Республика бойынша бір миллионнан астам азамат осы заң аясында жағдайын түзей алады. Мамандардың айтуынша, олардың дені, яғни, 215 мыңға жуығы Алматыда тұрып жатыр. Сол себепті, халыққа жаңа заңның тетіктерін түсіндіру дәл осы шаһардан басталған.
Меруерт Сейсембаева, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті бөлімінің өкілі:Бұл заң барлық қазақстандықты банкроттық деген атағына ие болу мақсаты емес. Бұл заң қарыздық ауыртпашылыққа батқан азаматтардың тетіктерін шешу. Мүлдем кешірілмейтін қарыздар да бар. Ол мысалы үшін, басқа адамға келтірілген зиян. Өміріне және денсаулығына. Алименттік төлемдер.
Бұл ретте, халық арасында осы заңға қатысты несиеге амнистия жариялау сынды жаңсақ түсінік қалыптасқан, Алайда, оның жауапкершілігі өзгеше екенін түсінген жөн, - дейді қаржыгерлер. Мәселен, банкроттық рәсімді іске асырғаннан кейін 5 жыл бойы несие берілмейді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан борышкердің қаржы жағдайына 3 жыл бойы мониторинг жасалады. Жаңа заң наурыз айынан бастап қолданысқа енеді.
Фариза Мұсақызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы