Қытай аумағына кіріп-шығу тәртібі өзгереді
Келесі айда Қытайға кіріп-шығу тәртібі өзгереді. Бұл туралы қаулыға көрші елдің премьері жақында қол қойды. Жаңа ереженің негізгі баптарына Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.
Шілденің 31-де Қытай премьер-министрі Ли Цян Мемлекеттік кеңестің елге кіріп-шығу туралы қаулысына қол қойды. Бұл құжат қыркүйектің 15-де күшіне енеді. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, жаңа заңның негізгі мақсаттарының бірі – ұлттық технологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ал Қытайдың «Халық» газеті бұған – мемлекет егемендігі мен даму мүдделерін қорғауды қосып отыр. Енді қаулыға қысқаша тоқталсақ, ол 19 баптан тұрады. Солардың қатарында негізгі үш ереже бар:
Біріншіден, технологияны импорттау және экспорттау тәртібін бұзып, өнеркәсіптік және технологиялық қауіпсіздікке қатер төндірген қытайлық азаматтардың шетелге шығуына тыйым салынады.
Екіншіден, өзге елде жүріп заңсыз әрекеттерге барып, қылмыс жасап, ұлттық қауіпсіздік пен мүддеге зиян келтірген қытайлықтардың Қытай аумағынан жарты жылдан үш жылға дейін шығуына тосқауыл қойылады.
Үшіншіден, шетел азаматтары шекарада немесе өз елінде жүріп Қытайға виза рәсімдерде жалған мәлімдемелер жасаса немесе шындыққа жанаспайтын ақпарат берсе, ондай адамдардың Қытайға кіруіне бір жылдан бес жылға дейін тыйым салынуы мүмкін.
Қытайдың Халық полициясы унрверситетінің профессоры Го Юнлянның дерегінше, 2025 жылы Қытайға кіріп-шығу пункттері аралығында 697 миллион сапар тіркелген екен. Гоның сөзінше, бұл – рекордтық көрсеткіш.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы