Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Ресей құны бір миллиард доллар болатын 26 жобаны жүзеге асырмақ

Қазақстан мен Ресей құны бір миллиард доллар болатын 26 жобаны жүзеге асырмақ

Қазақстан мен Ресей өнеркәсіптік кооперация аясында құны бір миллиард доллар болатын 26 жобаны жүзеге асырмақ. Өңірлермен де әріптестік күшейеді. Мәселен, Волгоград облысымен металлургия, мұнай-газ, химия саласында ортақ жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударылмақ.

Қазақстан Волгоград облысының басты сауда серіктесінің бірі. Өткен жылы сауда айналымы 230 млн долларға жуықтаған. Әріптестік қазба байлықтар, ауыл шаруашылығы саласы бойынша дамып келеді. Енді тараптар өзге де секторларда ынтымақтастықты арттырғалы отыр.

Ермек Көшербаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті Елшісі:

Қазақстанда бүгінгі күні құрылыс материалдарын шығару керек. Волгоградта «Волма» және басқа кәсіпорындар бар, олар бүкіл Ресей бойынша және әлем бойынша 150-ден астам түрлі құрылыс материалдарды шығарады. Сол жөнінде біріккен кәсіпорын құрсақ жаман болмас еді.

Волгоградпен сауда саттық орнатқан 123 елдің арасында еліміз 4-орында тұр. 200-ден астам жергілікті кәсіпорын Қазақстанмен әріптес.

Анна Писемская, Волгоград облысы губернаторының орынбасары:

Кәсіпорын басшылары, өнім өндірушілердің ортақ кездесуін ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Ортақ жиын өткізу керек деп ойлаймын. Әкімшілік тарапынан барлық кедергілерді жойып, барынша қолдау көрсетуге дайынбыз.

Волгоград облысы Атыраумен шектесетіндіктен, су мәселелерін шешуге және егістік жерлерді суландыруға арналған ортақ жобалар да қолға алынды. Торгун шекара өзенін тазарту және Еділден су жеткізу туралы келісімдер бекіді.

Индира Бегайдар


Бөлісу