Астанада Азия – Тынық мұхиты елдерінің цифрлық трансформациясына арналған конференция басталды
Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бірлесіп Астанада конференция ұйымдастырып жатыр. Ол Азия мен Тынық мұхиты аймағының цифрлық трансформациясына арналған. Маңызды шараға 50-ден астам елдің делегациялары қатысуда.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бүгін елордаға сары құрлық пен Тынық мұхиты елдеріндегі IT саласының ең мықтылары жиналды. Жалпы 400-ден аса делегат қатысып жатыр. Олардың арасында 30 шақты елдің салалық министрлері мен компания басшылары бар. Жиын Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия - Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясымен бірлесіп ұйымдастырылып жатыр. Ол БҰҰ-ның бес аймақтық комиссиясының бірі. Басқосу үш күн бойы өтеді. Алғашқы екі күнінде пленарлық талқылаулар, қосымша іс-шаралар және министрлер арасындағы екіжақты кездесулер өтіп, меморандумдар мен келісімдерге қол қойылмақ. Ал үшінші күні стартап жобалар көрмесі өтіп, үздіктер таныстырылады. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Азия - Тынық мұхиты аймағында цифрлық үкімет шешімдері бойынша көшбасшылардың бірі. Біздің ел шара барысында өзінің осы үздік цифрлық тауарларын ұсынады. Қазақстан 2026 жылға қарай IT өнімдер экспортын 1 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Жалпы конференция өңірде Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдетуге бағытталған цифрлық инклюзия және трансформация мәселелеріне бағытталған. Қатысушылар цифрландыру саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту, цифрлық теңсіздікті жою және тұрақты дамуды қамтамасыз ету жолдарын талқылайды. Конференцияның басты оқиғасы ол Азия - Тынық мұхиты аймағының 2024 жылғы цифрлық трансформация баяндамасы. Ол жаһандық климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерді шешуде цифрлық технологиялардың рөлі жайлы болмақ. Яғни өңір елдеріне арналған 30-ға жуық ұсыныс бар. Конференцияда Алматы қаласында БҰҰ-ның цифрлық шешімдер орталығын құру мәселесін қарау да жоспарланып отыр.
Автор
Шерхан Жамбылұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Қазақстандық дәрігер көз емдеудің тың тәсілін ойлап тапты
16.09.2026, 13:24
Қостанай облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда
16.09.2026, 13:18
Әлем нарығында мұнай бағасы құбылды
16.09.2026, 13:12
Ақтөбе облысында ЖРВИ жұқтырғандар 110 мыңнан асқан
16.09.2026, 13:09
Абай облысында заманауи медициналық нысандар салынды
16.09.2026, 13:06
Еліміз жылыту маусымына 93% дайын
16.09.2026, 13:03
Президент Корея Ұлттық Ассамблеясының спикерімен кездесті
16.09.2026, 13:00
70 зертхана күрделі жөндеуден өтті
16.09.2026, 10:08