Микробиология мен биотехнология болашағы талқыланды
Отандық ғалымдар микробиология мен биотехнология саласындағы зерттеулерді өндіріспен ұштастырып келеді. Бүгінде олардың еңбектері ауыл шаруашылығында, медицинада және қоршаған ортаны қорғау бағытында қолданылып жатыр. Бұл мәселе Алматыда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда талқыланды. Жиын микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының 70 жылдығына және академик Аманкелді Садановтың 75 жас мерейтойына арналды. Басқосуға отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Негізгі мақсат - ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізіп, биотехнология саласындағы ынтымақтастықты кеңейту. Мамандар бұл бағыт импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретінін айтады.
Аманкелді Саданов, микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры:
Ғылымның нәтижесі өндіріске енуі, халық пайдасын көруі Қазақстанда жолға қойылып жатыр. Қазір Франциядан, Германиядан, Ресейден келіп жатқан препараттар бар. Қазір кейінгі екі жылда олардың бәрі нарықтан кетті. Өйткені сапасы жөнінен біздікі олардан кем емес. Бағасы да тиімді. Өзімізден шығады, келген уақытта біз жеткізіп бере аламыз.
Қазір өнеркәсіптік микробиология кәсіпорнында 17 биологиялық препарат өндіріледі. Оның басым бөлігі өсімдік және мал шаруашылығына арналған. Сондай-ақ қазір бірнеше дәрілер де әзірленіп жатыр. Өнімдердің басты ерекшелігі – құрамынының табиғи болуында. Мәселен, «ФосфоБацирин-С» препараты өсімдіктің топырақтағы фосфорды сіңіруіне көмектеседі. Бұл тыңайтқыш шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Өндіріс орны тәулігіне 2-3 тонна биоөнім шығаруға қауқарлы.
Жанар Жұмаділова, «Өнеркәсіптік микробиология» кәсіпорнының атқарушы директоры:
Ең басты ерекшелігі - бұл биологиялық біздің препараттарымыздың барлығының құрамындағы микроағзалар жергілікті Қазақстанның топырағынан бөлініп алынған аборигендік штамдар. Жергілікті өзіміздің күнделікті қолымыздағы малдың ағзасынан бөлініп алынған штамдар. Сондықтан бұл штамдар біздің тұзды, сортаң, қышқыл топырақтарымызға өте бейімделген және жақсы жұмыс істейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы