Оңтүстік-Шығыс Азияның екі елі қайта қақтығысты
Бүгін Камбоджа мен Таиланд арасында қарулы қақтығыс қайта басталды. Осыған байланысты жүздеген мың адамды эвакуациялауға тура келді. Құрбандар туралы да мәліметер түсіп жатыр. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жағдай қалай өрбіп жатыр, бұл шиеленіске не себеп болуы мүмкін?
Таиланд пен Камбоджа арасындағы қақтығыс бүгін таңертең бес елді мекенде басталды. Әзірге Таиланд 1 жауынгер жоғалтқан. Сегіз тұрғын жараланды.
Тараптар шілдеде АҚШ
президенті Дональд Трамптың араласуымен жасалған ымыраны бірінші бұзды деп
бір-бірін айыптап отыр. Соңғы мәліметке қарағанда, тай үкіметі 385 мың адамды қауіпсіз
жерге көшіріп жатыр. Корольдіктің сыртқы істер министрлігі мәлімдегендей, ел тәуелсіздігіне
төнген қауіп сейлігенше шайқас жалғаса береді.
Никорндедж Баланкура, Таиланд сыртқы істер министрлігінің өкілі:
Тай халқы мен Таиландқа талай рет қауіп төнді. Камбоджаның әрекеттері әрдайым намысымызды таптап келеді. Басты бағытымыз – тәуелсіздігіміз бен аумақтық тұтастығымызды қорғау. Оларға төнген қауіп сейілгенше әскери әрекеттеріміз жалғаса береді.
Ал Камбоджада үш адам жараланып, мыңнан астам тұрғын шекара маңынан эвакуацияланды. Олар тракторлар мен мотоциклдерге мініп, мейлінше алысқа кетуге асық.
«Рейтер» агенттігінің
хабалауынша, Таиланд әскери авиацияны қолданып
жатыр. Осындай шақта Камбоджа қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасап, халықаралық
қауымдастықты тай армиясының әрекетін айыптауға шақырды.
Мали Сочеата, Камбоджа ұлттық қорғаныс министрлігінің өкілі:
Камбоджа халықаралық қауымдастықты Таиландтың заңсыз әрекетін айыптауға шақырғысы келеді. Таиланд осы агрессиясы үшін мойнына жауапкершілік алғанын қалаймыз. Камбоджа Таиландтан аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікке қауіп төндірген зорлық-зомбылық актілерін дереу тоқтатуды талап етеді.
Таиланд пен Камбоджа бір ғасырдан астам уақыттан бері 817 шақырымдық шекара бойындағы белгіленбеген территориялар үшін дауласып келеді. Сол талас кейде қарулы қақтығыстарға ұласып, биыл маусымдағы әскери жанжал кезінде 48 адам қаза тауып, 300 мыңдай тұрғын эвакуацияланды.
Кімнің армиясы күшті деген сауалға келсек, жақсы қаржыландырылған тай армиясы жауынгерлер саны жағынан Камбоджа қарулы күштерінен үш есе үлкен. Ал былтыр қорғаныс бюджеті тұрғысынан Таиланд көрші елден төрт есе басым түскен.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы