Басты Жаңалықтар Қазақстан-Жапония: Серіктестіктің жаңа кезеңі

Қазақстан-Жапония: Серіктестіктің жаңа кезеңі

Жапон компаниялары Қазақстандағы жаңа кен орындарын игереді. Сондай-ақ елімізде операторларға, механиктер мен инженерлерге арналған аймақтық оқыту орталығын ашады. Бүгін Президент күншығыс елінің бірнеше ірі компания басшыларымен кездесті. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының университетінде дәріс оқып, жаһандық сипаттағы өзекті мәселелерді қаузады. Президенттің Жапонияға ресми сапары жайлы әріптесім Нұрсұлтан Тілектес тарқатады.

34 млн халқы бар жаһандағы ірі мегаполистердің бірі – Токио көшелері қазақтың көк туымен безендіріліп, ғимараттар көк түске боялды. Бұл Жапонияның Қазақстанға деген құрметі мен Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсеткен ілтипаты. Тіпті Мемлекет басшысын күншығыс елінің Императоры мен Премьер-министрі бір күнде ресми қабылдады. Самурай елі мұндай сыйды әркімге көрсете бермейді, дейді сарапшылар.

Бүгін Президент сапарының екінші күні. Қасым-Жомарт Тоқаев Токио губернаторы Юрико Коикэмен кездесті. Тараптар Smart city технологиялары және жасанды интеллект, шаһарды басқару ісіне инновациялық шешімдерді енгізу салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қазақстан және Жапония астаналары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум да қабылданды.

Жапон компаниялары Қазақстанда жаңа кен орындарын игереді

Содан соң Президент бірнеше ірі компания басшыларымен кездесті. Атап айтсақ, Mitsui, Komatsu және Hitachi Construction Machinery, сондай-ақ JOGMEC сынды Жапонияның ірі әрі ықпалды сауда-инвестициялық корпорациялары директорлар кеңесінің төрағаларымен жүздесті. Нәтижесінде алпауыттар Қазақстандағы жаңа кен орындарын игеріп, елімізде операторларға, механиктер мен инженерлерге арналған аймақтық оқыту орталығын ашатын болды. Қысқасы қыруар инвестиция құймақ.

Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Жапония үшін Қазақстан технологиялық дамудағы бір жағынан энергия көзі, екінші жағынан логистикалық хаб арқылы технологиялық трансферт жасауға әріптес, серіктес ретінде басты маңызды рөл атқарып отырғандығын көріп отырмыз.

Иә, жапон компанияларымен еліміз энергетика және атом өнеркәсібі, көлік һәм логистика, металлургия мен геологиялық барлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ. Күншығыс елін қызықтырып отырған басты ресурсымыз ол әрине – уран.

Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Бұл бір жағынан экономиканы әртараптандыру саясатына толықтай жауап береді. Біз тек қытайлық немесе америкалық инвестициялық тәуелді болып қаламыз деген сөз емес. Жапониялық инвестициялар да бізге келеді деген сөз.

Экономистердің сөзінше, Жапония қай салаға инвестиция салмасын оны тұрақты әрі ұзақ мерзімге жоспарлайды. Бұл біздің ішкі өнідіріс саласын дамытуға сеп болады.

Президент БҰҰ университетінде дәріс оқыды

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Президенттің Жапонияға ресми сапарының мақсаты экономикалық байланыстарды бекемдеу ғана емес, сондай-ақ саяси аренадағы Қазақстанның рөлін күшейту. Яғни, көпвекторлы бағытты ұстанымызды тағы бір мәрте айшықтау дейді саясаттанушылар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінде дәріс оқуы – соның айқын көрінісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы айтулы оқу орнында аймақтағы елдер арасынан алғашқы дәріс оқыған Мемлекет басшысы атану – мен үшін зор мәртебе. Мұны халықаралық аренадағы рөлі артып келе жатқан Қазақстанға шынайы құрмет деп қабылдаймын. Сондай-ақ біздің мультилатерализмді ілгерілетуге әрі жаһандық қауіпсіздікті қолдауға бағытталған табанды еңбегімізді мойындаудың белгісі ретінде қарастырамын.

Мемлекет басшысы әлемде қақтығыстардың өршуіне алаңдаушылық білдірді. Президенттің айтуынша, соңғы он жылда жер жүзінде қарулы қақтығыстар көбейіп, ушығып кетті. Әлемдегі әскери шығындар былтыр 2,7 триллион доллар болды. Сонымен қатар алпауыт елдер арасындағы стратегиялық бақталастық шырқау шегіне жетті. Салдарынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір ірі халықаралық қақтығыстарды шеше алмайтын дәрменсіз күйге түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кез келген маңызды реформа БҰҰ Жарғысына сай іске асырылуы керек. Егемендік, аумақтық тұтастық және дау-дамайды бейбіт жолмен реттеу секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуға тиіс, ешкімге артықшылық берілмеуі қажет. Сонымен бірге Жарғының кейбір ережелері ХХІ ғасырдың талаптарына сәйкес келмейді. Соның ішінде Ұйымға айтарлықтай қолдау көрсетіп келе жатқан Жапонияға және басқа да елдерге қатысты әділетсіздік бар. Әлем өзгерді, ал Жарғы осы өзгерістердің соңынан ілесе алмай отыр. Жауапты диалогқа көшіп, келешекте құжаттың сенімділігі мен өзектілігін қамтамасыз етудің уақыты келді деп санаймын.

Сондай-ақ Президент орта державаларды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне кеңінен қатыстыруға шақырды. Дәрісте айтқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір маңызды сөзі: Жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұруға болмайды. Осы тұста адамзаттың ядролық қарудан тартқан зардабын Қазақстан мен Жапония сияқты терең түсінетін ел кемде-кем екенін де еске салды.

Ертең «Орталық Азия –Жапония» форматындағы саммит өтеді

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Жапония - экономикасы қуатты, технологиясы озық ел. Бұл халық Шығыс Азияда орналасқан шағын аралды өркениеттің ордасына айналдырды. Консервативті һәм прогрессивті көзқарасты ұштастыра білді. Сондықтан олардан аларымыз көп. Береріміз де аз емес. Ертең «Орталық Азия –Жапония» форматындағы саммит өтеді. Жиында тараптарға қатысты бірқатар маңызды мәселе мен арадағы алыс-берісті нығайту жолдары қаралады деп жоспарланып отыр. 


Бөлісу