Басты Жаңалықтар Бұралқы иттерге жансыздандыру әдісі жасалады

Бұралқы иттерге жансыздандыру әдісі жасалады

Бұралқы иттерді жансыздандыру тәсілі енгізілуі мүмкін. Бүгін Мәжіліс қабырғасында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулер қаралды. Статистикаға сүйенсек, күніне кемі 100 адамды қаңғыған ит қабады. Бұл қолданыстағы жануарларды ұстап, вакцина жасап, қайта босату тәсілінің тиімсіздігін көрсетіп отыр, дейді депуттатар. 

«Арс» еткен дауыс пен ырылдаған бұралқының бейнесі кімнің де болмасын зәресін алатыны анық. Соңғы жылдары қаңғыбас иттен келер қауіп көбейген. Мәселен, 2022 жылы 36 700 жағдай тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 41 мыңнан асқан. 2 жыл бұрын Оралда иесіз итке таланған жасөспірім қазір мүгедек болып қалды.

Алтынай Кұсайынова, қала тұрғыны:

Балам Сұлтанды көшенің қаңғыбас иттері жабылып талап, мектеп ауласынан шыға берісте аяғына, денсаулығына зиян келтірді. Аяғы екі жерден жарамсыз боп калды. Екі айдай гипсте болдық. Қазір балам әлі жүре алмайды. Иттерді ату керек.

Бұл қолданыстағы жануарларды зарарсыздандырып, қайта босату тәсілінің тиімсіздігін көрсетіп отыр, дейді депутаттар. Себебі салпаңқұлақтардың саны азаймай, керісінше  күн өткен сайын артып барады. Сондықтан енді ұсталған жануарлар қайтадан көшеге жібермеу ұсынылып отыр. 5 күн ішінде иттің иесі табылмаса немесе асырап алатын адам болмаса, эвтаназия жасалады.

Нартай Аралбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл заңды қолдаған азаматтар жануардың жауы емес, қоғамдағы қауіпсіздіктің қолдаушысы, қорғаушысы. Сондықтан бұл заңда ауланған иесіз жануарды алдымен панажайларға ұсыну немесе асырап аламын деген адамдарды ақпараттандыру тетіктері де бар. Және 5 күндік кезеңді созу әрі қарай маслихаттың құзыретіне берілген. Егер қаражат болса, оларды бағып-қағуға болады. Ал иесі қаңғытып жіберген жануарлар саны аз емес, жауапкершілік алып үйрену керек.

Мұндай шешім халықаралық тәжірибеге негізделген. АҚШ, Канада, Жапония және Оңтүстік Корея қаңғыбас жануарларды қайта жібермейтін жүйені қолданады. Ұзақ уақыт құтырған иттерді тек зарарсыздандыру моделін пайдаланған Түркияда керісінше жануарлар санының күрт өсіп, 2024 жылы бұл тәсілден бас тартуға мәжбүр болған. Сондықтан соңғы бір жылда бұл елде көшедегі бұралқы иттердің 75 пайызы ауланып, арнайы орындарға қамалды.

Мұстафа Чифтчи, Түркияның ішкі істер министрі:

Жаңа заңның екі түрлі пайдасы болды. Біріншісі - тұрғындардың қауіпсіздігі болса, екіншісі - жануарлардың да қауіпсіздігі сақталады. Яғни арнайы питомниктегі ит-мысықтар ауырса, уақытылы емделеді, тамақ беріледі, екпелері жасалады. Асырап алғысы келетіндер болса, тиісті құжаттарын дайындап береді.

Сондай-ақ үй жануарларын чиптеу міндеттеледі. Бұл арқылы әрбір ит пен мысық тіркеуге алынып, оның иесін анықтау жеңілдейді. Егер иесі қараусыз қалдырса, алдымен ескерту беріледі, кейін айыппұл салынып, қайталанған жағдайда жануар тәркіленуі мүмкін.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Егер де заң жануарларды қорғап, аулада жүрген баланы қорғамайтын болса, ол заңды біз қайтадан қарауымыз керек. Енді иесі бар иттер болады. Көшеге шығып кетті, иесі ұстай алмай қалды немесе іссапарға кетіп қалды, иті босап қыдырып кетті. Оны ұстап алғаннан кейін оның чипы болуы керек. Чипке қараса, оның қожайыны бар. Біздің азаматтық кодекске сәйкес егерде ол иттің қожайыны табылмаса, ол мүлік болып есептеледі.

Мамандардың сөзінше, бұл тек жануарларды жансыздандыруды көздейтін заң емес. Хайуандарға қиянат жасап, қатыгездік танытқандарға да жаза күшейеді. Енді аң-құсқа зиян келтіргендер 6 айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Анна Хамчукова, Зоология институтының ғылыми қызметкері:

Бірінші кезекте жануарларға қатыгездік жасағандарды жазалау мәселесі шешілгені маңызды қадам болды. Бұл көптен бері мамандар тарапынан көтерілген бастама еді. Осы ретте ит иелерінің жауапкершілігін күшейту де оң әсерін береді деп ойлаймын.

Мәжіліс депутаттары қолданыстағы құжатқа өзгеріс енгізуді құптап, түзетулер Сенатқа жолданды. Бастысы бұл қоғамның қауіпсіздігі үшін қажетті қадам, дейді  жауаптылар.


Бөлісу