Басты Жаңалықтар Азия чемпиондары елге оралды

Азия чемпиондары елге оралды

Азия чемпиондары елге оралды. Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен былғары қолғап бәсекесінде жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға жанкүйерлердің ықыласы ерекше. Байрақты бәсекеде Қазақстан 13 медаль еншілеп, жалпы есепте көш бастап тұр.

Астаналықтар чемпион болған ағайынды Оралбайларды сән-салтанатымен қарсы алды. Әнұранымызды әуелеткен жігіттерге жұртшылық жылы тілегін жаудырып жатыр. Бұл бәсекеге Азияның 22 елінен 250 боксшы қатысқан. Ерлер мен әйелдер он салмақ дәрежесінде бақ сынап, ұлттық құрама жарысты 6 алтын, 2 күміс және 5 қола медальмен қорытындылады.

Рахат Оралбай - әкесі:
Аллаға шүкір, қуанып жатырмыз енді. Қай жарыста болса да тақым қысып отырамыз. Уайымдайсың қанша дегенмен. Енді қазақтың туын желбіретсе екен деп батамызды беріп, шығарып саламыз үйден.

Жалпы есепте көш бастап тұрмыз. Дегенмен нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай емес. Ақиқатында 6 алтын аз. Себебі ел намысын ұлттық құраманың ең үздіктері қорғады. Ал бокстан басты қарсылас деп саналатын Өзбекстан бұл жарысқа екінші құрамын апарған. Тіпті бұрын-соңды алғашқы қатардан көріне бермейтін Үндістанның Қазақстанмен иық тіресіп тұрғаны көпшілікті таңғалдырғаны рас.

Айбек Оралбай - бокстан ұлттық құраманың капитаны:
World boxing енді бәрін бірге санағандықтан Үндістанның қыздарымен жарысып кеттік десек болады. Жігіттерін ұттық біз, оларда 1-ақ алтын ба сондай. Сұрақ: Үндістанның қыздары мықты. Ұлдарын біз қарсылас көрмейміз.

Әсіресе, жаһандық жарыстарда жасындай жарқылдап жүрген Төрехан Сабырханның жеңілісі жанкүйерлер үшін ауыр соққы болды. Санжар мен Махмұдтар Серік Сәпиев салған сара жолды жалғастырып, екі мәрте әлем чемпионы атанған еді. Алайда олар Ұлан-Батырда атой салып алға шыға алмады. Спорт болғандықтан, жеңіс бар жерде жеңілістің қатар жүретіні белгілі. Неде болса бұл жолғы құрлықтық дода бапкерлерге де, спортшыларға да сабақ болғаны анық.

жеңіліс сәтінен

Төрехан Сабырхан - бокстан ұлттық құраманың мүшесі:

Енді олимпиада алтынын әкелемін. Еліме сөз беремін.

Хош. Қазақтың бокста кеткен есесі көп емес. Шаршы алаңда шеберлігін көрсеткен талай ұл-қыз әлі елдің есінде. Содан да болар саңлақтарымыз соққысын дәл дарытып, нокаутқа түсірмесе, төрешілердің бізге мойын бұруы қиын. Бұра тартуға бейіл. Көш бастап тұрған ұлттық құраманың ендігі мақсаты Олимпиада ойындарында ел үмітін ақтау.


Бөлісу