Басты Жаңалықтар Сабақта ұялы телефон ұстауға тыйым салынып жатыр

Сабақта ұялы телефон ұстауға тыйым салынып жатыр

Мектепте сабақ уақытында ұялы телефон ұстауға тыйым салатын ереже оқу үлгеріміне ғана емес, балалардың мінез-құлқына да оң әсер еткен. Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері қолға алған зерттеу осындай нәтиже көрсетті. Сонымен қатар педагогтер мен балалар арасында қарым-қатынас жақсарғаны анықталған.

Петропавл

Жанель Жылқыбай Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы. Тірек-қимыл жүйесі зақымданған балалардың сөйлеу дағдысын дамытуға арналған электрондық сайт авторы. Бойжеткен бастапқыда телефоннан бас тартуға қарсы болған.

Жанель Жылқыбай, оқушы:

Ойладық, бұл не деген күтпеген жағдай, телефон ол біздің жеке меншігіміз ғой, бізді қалай алып қояды деген сияқты. Қазіргі таңда шынайы қарым-қатынас көбірек және де осы жобаның туындауына да біздің телефонсыз жүруіміз әсер еткен шығар, өйткені телефон шынында да өте маңызды құрал болса да, көп уақытты алып қояды.

Соңғы жылдары сабақ арасындағы үзілісте гаджеттер оқушылардың жалғыз ермегіне айналғаны жасырын емес. Педагогтердің айтуынша, небәрі 5 минут телефонға үңілген баланың сабаққа деген ынтасы төмендейді. Өйткені ойы виртуалды әлемде қалып қояды.

Шыңғыс Мағауия, оқушы:

Мектептің ішінде бір жаңа аура пайда болды. Өйткені балалар бір-бірімен жиірек сөйлесіп, я түрлі үстел ойындарын ойнайды, шахмат, шашки, теннис ойнап жатыр. Қазір күн жылығаннан кейін бүкіл балалар далада жүр. Бір мектеп өмірі кішкене қызығырақ болып қалған сияқты.

Зияткерлік мектеп мамандары жүргізіп жатқан зерттеуге оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдер қатысады. Бастапқыда телефоннан бас тарту идеясын қолдамаған ата-аналар да көп болған.

Шынар Темірханова, психолог:

Балалардың негізгі анықталған қиындықтарының бірі ол – «фома» синдромы деп аталды. Яғни бұл қазір әдетте өте жаңағы таралған синдром. Бұның өзі қандай да бір ақпараттан қалып қалуға деген үрейі басым болған екен. Яғни бұны балалар басып жазды және де ата-анада да болды ғой, бұндай синдром.

Мамандар жүйелі жұмыс нәтижесінде балалар мен ата-аналар «фома» синдромынан арылғанын айтады. Ал соңғы сауалнама нәтижесі бойынша, зерттеуге атсалысқан ата-аналардың өздері де балаларының телефонға тәуелділікті еңсеріп, отбасындағы қарым-қатынас жақсарғанын атап өткен.

Данияр Уәлиев, Өскемен қаласындағы НЗМ директоры:

Қазіргі таңда кіреберісте жинап алатын болсақ, болашақта олар өз сөмкелерінде телефондарын ұстап, бірақ оны қажетсіз алып шығып, пайдалануға келмейтін дағдыға әкелгіміз келеді. Яғни бүкіл жауапкершілікті өзіне алып, осы ережені сақтауға келтіргіміз келеді.

Бұл үрдіс – халықаралық тәжірибеде бар. Мәселен, Франция, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея мектептерінде гаджеттерді шектеудің арқасында оқушылардың зейіні артып, тәртіп күшейгенін көрсеткен. Телефоннан толық бас тарту емес, оны орынды қолдану мәдениетін қалыптастыру маңызды дейді мамандар.


Бөлісу