Басты Жаңалықтар Пластикалық ота: Клиникаларға қойылатын талап қандай?

Пластикалық ота: Клиникаларға қойылатын талап қандай?

Өткен бағдарламада липосакция жасатқан блогер келіншектің операция столында көз жұмғанын, Маңғыстау облысындағы мәслихат депутатының да сол тектес отадан қайтыс болғанын айттық. Бүгін бұл проблемаға арнайы тоқталамыз. Алматыдағы клиниканы Денсаулық сақтау министрлігі тексеріп бастаған. Тәуелсіз сарапшыларды да тартқан.

Айтатыны: Алматыдағы клиникада бірнеше жыл бұрын бір келіншек көз жұмған. Ал клиника атауын өзгертіп, жұмысын жалғастырған... Елімізде пластикалық ота жасайтын лицензиясы бар 295-ке жуық клиника жұмыс істейді. Оның 247-і жекеменшік. Операция столынан тұрмай қалғандар мен зардап шеккендер туралы детальді статистика жоқ. Дегенмен «қайтыс болыпты» немесе «зардап шекті» деген ақпаратты уақыт салып естиміз...

Тағы бір маңызды қыры бар. Бізде қартаю табиғи процесс екенін ойламайтындар аз емес. «Қартайып кетіпті» деп ерінді сылп еткізеді. Бұл әсіресе әйелдерге, оның ішінде медиа, мәдениет пен өнер, т/б көпшілік алдындағы профессия иелеріне айтылады. Мүсіркейді және дұрыс емес көреді. Кәдімгідей қысым жасайды.

Батыс әлемінде бұл эйджизм деп аталады – адамды жасына байланысты мансұқ ету. Мансұқ етіп, қорлау заңмен қудаланады. Әрине, пластикалық операция жасай ма, жасамай ма – әркімнің өз шаруасы. Бірақ табиғи қартаюды ар көрмейтін, мысалы, тележурналистке «қартайдың, орныңды босат» деп пікір жазатын көрермен адамның кәсіби білігіне ғана баға беруге құқы барын ұмытпасын.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Адамның бойындағы өзіне деген сенімсіздік пен комплекс осындай шолақ ойдан да қалыптасады. Қазір кісінің келбетін кемсіту, келемеждеу қалыпты құбылысқа айналып кетті. Әсіресе, әлеуметтік желіде. Уақыт өте дене бітімнің өзгеруі, адамның қартаюы қалыпты құбылыс. Бұл – табиғи заңдылық.  Бірақ оны мойындау мұңға айналып барады. Ал мұны пластикалық ота жасайтын клиникалар ұтымды пайдаланып отыр...

Айгерім Құсайынқызы, заңгер:

Клиникалардың басты мәселесі олар денсаулық сатпайды, олар адамға эмоция сатады. Медицинаның өзі капиталистік ырғақпен жүріп кетті. «Негізгі мақсаты халықтың денсаулығын жақсарту емес. Тезірек аз уақытта ақша тапсам» дейді бизнес. Ал медицина бизнес пе?

Иә, бұл сұраққа біржақты жауап жоқ. Алайда, пластикалық хирургия мен медициналық косметологияның табысты кәсіпке айналғаны рас. Бірақ, мұнымен кімдер шұңғылданып жатыр? Мәселе осында...

Сәния Аманжолқызы, пластикалық хирург, дәрігер:

Өте көп белең алып жатқан псевдокосметологтар мен псевдохирургтар. Олар өздерін білмеймін екі-үш күндік курстар қайдан оқып алатынын. Оларға кім доступ беріп жатқанын білмедім.

Қызылордалық Нұргүл Бәтен қабақ үстіне броулифтинг жасатам деп көзінен айырыла жаздаған. Сөзінше, сұлулық салонынан соң көру қабілеті нашарлай бастаған. Қазір жанарын жұмудың өзі мұңға айналған.

Нұргүл Бәтен, қала тұрғыны:

Көзім бірыңғай ашық жатады. Көзім түнімен жасаурайды. Және де зрением түсіп бара жатыр. Қазіргі уақытта көзім дұрыс көрмейді. Фармконтролға арыз тастағанмын. Сол жақта оны линцензиясы жоқ екен, заңсыз екені анықталды. Бірақ 87-89 мың теңге айыппұлмен құтылған.

Демек, бұл салада жүргеннің бәрі білгір емес. Жалпы, соңғы бес жылда пластикалық хирургиядан кейін 4 адам көз жұмған. Және зардап шеккендер бар. Бірақ нақтысын білу мүмкін емес. Себебі статистика жоқ.  Ал, клиникалар...

Айгерім Құсайынқызы, заңгер:

Қадыр Мырза Әлі атамыз айтқандай, өтірік айтатындар жоқ, ақиқатты жасыратындар бар. Клиникалар да кейде сөйтеді. Барлық ақпаратты толық айтпайды. Мысалы, «5 жыл бұрын біздің клиникамызда дәл осындай операция жасатқан кезде бір пациент өліп кетіп еді» деген ақпаратты айта ма? Әлбетте жоқ.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бес жылда пластикалық хирургия саласында 92 рет жоспардан тыс тексеру жүргізген. Арыз-шағымның дені Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Маңғыстау өңірінен түскен. 24 әкімшілік хатта толтырылып, 5(4,8) млн теңгеге жуық айыппұл салынған.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жалпы тек қана әкімшілік жауапкершілікке тарту деген бұл шешім емес. Өйткені, 50 мың 100 мың айыппұлды төлейді. Әрі қарай жұмысын жалғастыра береді. Ал одан кейін адамдар қайтыс болады.

Алматылық блогер Сәуле Базархан көз жұмған клиникада бес жыл бұрын да операция кезінде әйел адам қайтыс болған. Сол оқиғадан соң орталық жабылып, кейін басқа атаумен жұмысын қайта жалғастырған. Мұны министрлік те растап отыр. Ал, марқұм маңғыстаулық мәслихат депутаты Ербол Айтуовқа ота жасаған клиникада заңбұзушылықтар анықталған. Қазіргі күні уәкілетті органдар тергеу жүргізіп жатыр.

Жанділдә Әжіғалиұлы, заңгер:

Негізі пациентте ешқандай жауапкершілік жоқ. Себебі ол сондай қызмет алуға келді. Өзі келісімін берді. Жауапкершілік тек қана өлімге алып келген іс-әрекеттерде, әрекет жасаған кісілерде болады. Ол адамның денсаулығын басынан-аяғына дейін түгелімен тексеріп барып, операция столына жатқызу қажет.

Бауыржан Жүсіпов, ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:

Қазіргі таңда бізде лицензияны беру уақыты шектеусіз. Бір лицензия берсе, сол лицензиямен өмір бойы шектеусіз жұмыс істей беру мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда біз сол мәселеге министрлік тарапынан заң жобасын дайындаудамыз. Осы лицензияны 5 жылға шектеу. Бұл енді қаншама тәуекелдер пайда болғаннан кейін белгілі болды. Заңға осындай өзгерістерді енгізу бойынша жұмыс  жүргіземіз.

Негізі, мұндай қызметпен екінің бірі айналыса алмайды. Клиникаларға қойылатын нақты талап бар. Клиникада білікті мамандар, операция жасауға қажетті құрал-жабдықтар, отадан кейінгі палата және шұғыл көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек пен арнайы аппараттар болуы тиіс. Астын сызып айтатын жайт, мамандар әр 5 жыл ішінде біліктілікті арттыруы қажет. Мұның бәрін пациет талап етуге құқылы. 16 жылдық тәжірибесі бар дәрігер Асылбек Ахметжанов операция ойнайтын нәрсе емес дейді.  

Асылбек Ахметжанов, пластикалық хирург:

Пациенттердің жетегімен жүріп кетпеуіміз керек.  Егер гемоглобин  төмен, қосымша аурулары болса, бір уақытта төсін де кішірейтіп, ішін де алып тастай алмаймыз. Себебі наркоздан кейін, бәрібір үлкен операция болғаннан кейін жарты литрге дейін қан жоғалту болады.

Кешегі қайғылы жағдайдан кейін клиникаларға барушылар азайған. Бірақ, сарапшылар бұл уақытша құбылыс екенін айтып отыр. Себебі, қоғам сіз бен біздің тәнімізді басқаруға көшкен. Мұны ғылымда лукизм дейді. Яғни, түр-тұлғаңды бағалау, орай келсе, кемсіту.

Айгерім Құсайынқызы, заңгер:

Сіздің денеңіз енді сіздің меншігіңіз емес. Қоғамның әлеуметтік айнасына айналып кетті. Мен оны өзім бағаламаймын. Айнаға қарап, бағалаймын. Ал, айнаны кім қалыптастырып отыр? Әлеуметтік желі.

Мамандар сөзінше, көбіне жасы 35 пен 40-тан асқан әйелдер көмекке жүгінеді. Өйткені, дәл осы кезеңде сыртқы ортаның қысымы күшейетін көрінеді. Психолог Диана Кәрім осы тұста мына бір дүниеге назар аудару керегін айтады.

Диана Кәрім, психолог:

Адамдар өзінің жасын қабылдай алмауы, өз табиғатынан алыстауы, яғни жақын болмауы, мысалы, менің жасым 31-де. Менің сонымен ішкі келісімім болуы керек. Физикалық, әлеуметтік тұрғыдан.

Осы пайымды зейнеткер Тұрсын әжей де қуаттайды. Айтуынша, адам өзінің жасына сәйкес өмір салтын ұстануы тиіс. Ол «Нағыз сұлулық сыртқы және ішкі үйлесімде жатыр. Спортпен шұғылданса, рухани бай болса, әдемі қартаясың» дейді.  

Тұрсын Сүлейменова, қала тұрғыны:

Беттің теп-тегіс болғаны маңызды емес. Табиғатқа қарсы келуге болмайды. Әр жастың өзінің әдемілігі бар ғой өзіне қараған. Сол әдемілігіне қарай іс-әрекет жасау қажет.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Дегенмен қанша адам болса, сонша пікірдің болатыны даусыз. Кісі келбетін қалай өзгертем десе де, өз еркі. Бірақ қоғамды өзгертетін адамның сыртқы сұлулығы емес, санасы, кәсібилігі, іскерлігі. Ой көкжиегі кең, танымы терең тұлғалар ғана дамуға жол бастайтыны белгілі. Өзіңнен кейінгі буынға маңыздысы  жүрегі ізгілікке толы мықты маман болғаның ғана маңызды екенін сіңіру үшін біреудің әжімін санауды да доғарған жөн...


Бөлісу