Сталкинг пен некеге мәжбүрлеуге қарсы күрес күшейеді
Қазақстанда сталкинг бойынша жыл басынан бері 83 қылмыстық іс сотқа жолданған. Ал некеге мәжбүрлеу дерегімен 19 іс қаралып жатыр. Бүгін Мәжілісте осы бағыттағы жаңа нормалардың қолданылу тәжірибесі талқыланды. Депутаттар мен құқық қорғау органдары жауапкершілікті күшейту мәселесін көтерді. Оңғар Алпысбайұлы толықтырады.
Елімізде сталкинг пен некеге мәжбүрлеуді қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң былтыр күшіне енді. Негізгі мақсат – азаматтардың жеке өміріне қол сұғатын әрекеттердің алдын алып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Амангелді Досжанов, ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары:
Қазіргі таңда сотқа 83 қылмыс жолданды. Мәжбүрлеу бойынша 19 қылмыс жолданды. Бізде қазіргі таңда біртараптан істі дер кезінде қозғаймыз. Одан кейін салдары мен себептеріне байланысты әрекеттер мен шешім қабылдаймыз.
Яғни заң жұмыс істеп тұр. Дегенмен қоғамда қудалауды әлі де қалыпты жағдай ретінде қабылдайтындар бар. Мамандардың айтуынша, мұндай көзқарас жәбірленушілердің дер кезінде көмек сұрауына кедергі болады.
Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бір жағынан мемлекет сталкингті қоғамдық қауіп ретінде танып, ол үшін қылмыстық жауаптылық белгілеп отыр. Екінші жағынан қоғамдық санада сталкингтің мәні, оның нақты қандай әрекеттерді қамтитыны және оның жеке тұлғаға тигізетін зияны жөнінде әлі күнге дейін бір ізді түсінік қалыптасқан жоқ.
Бір жылға жуық уақытта заңның толықтырар тұстары да нақты көріне бастады. Қазір мамандарды әсіресе қайталанатын құқық бұзушылық мәселесі алаңдатады. Өйткені бір рет жауапқа тартылған адамның мұндай әрекетті қайта жасамасына кепіл жоқ. Сондықтан Ішкі істер министрлігі жазаны күшейтуді ұсынып отыр.
Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
Қайталанған қылмысты жасау бойынша біз ұсыныс жасап отырмыз. Осы белгіні қылмыстық кодекске енгізіп және жазаны қатаңдату бойынша, біздің пікірімізше, осы қылмысты орта дәрежелі қылмысқа саралап, 5 жыл бас бостандығынан айыру мәселесін қарастырады.
Мақсат – жазаны күшейту ғана емес. Ең бастысы – азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауын қамтамасыз ету. Өйткені сталкинг те, некеге мәжбүрлеу де адамның конституциялық құқықтары мен бостандығына тікелей қауіп төндіреді.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Заңның практикасын қарап, әлі де зерделеуіміз керек. Кейде болады: бір рет жазалап қойдық қой. Енді екінші рет басқа тәсілдермен жасаса, қайталанған болып санала ма? Әлде жаңадан сталкинг деп есептеле ме деген сияқты қосымша сұрақтар қазір туындап жатыр.
Демек, заңды қолдану тәжірибесінде әлі де нақтылауды қажет ететін тұстар бар. Бүгінгі жиында сарапшылар мен депутаттар өз ұсыныстарын ортаға салды. Енді бұл бастамалар жан-жақты талқыланып, заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы