Басты Жаңалықтар Халық кеңесі мен Құрылтай құрылады

Халық кеңесі мен Құрылтай құрылады

1 шілде жаңа Конституция күшіне енеді. Мәтінінің 84 пайызы өзгерген ата заңымыз бойынша жоғары консультативтік орган Халық кеңесі құрылады. Сондай-ақ бір палаталы парламент – Құрылтай жасақталады. Бұл екеуінің арасында қандай байланыс бар? Олардың мақсаты мен міндеті қандай? Құрамына кімдер енеді? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес зерделеп көрді.

Енді Мәжіліс заң жобасын әзірлеп, Сенат оны сүзгіден өткізетін көпсатылы жүйе жойылады. Жаңадан жасақталатын Құрылтайда заңдарды қабылдау мерзімі едәуір қысқарады. Көп жыл жұмыс істеп, миссиясын сәтті атқарған қос институтты біріктірудегі нақты мақсат та осы дейді, саяси сарапшылар.
Тәңірберген-Дәулет Дулатұлы, саясаттанушы:
Құрылтай бұрынғы Парламенттен де едәуір күшке ие болады, себебі бұрынғы жүйеде заңдар Мәжіліс арқылы, Мәжілістен кейін Сенат арқылы айлап емес, тіпті жылдап қаралып жатты. Қазіргі кезде Құрылтай заман талабына сай, заңдарды тез қарастыру тетігіне айналып отыр.
Құрылтайда комитет саны сегізден аспайды. Заң шығарушы органда 145 мандат болып, депутаттар пропорционалды жүйемен 5 жылға сайланады. Бұл жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытуына ықпал етіп, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырмақ. Айта кетерлігі, Құрылтай мен жаңадан жасақталатын Халық кеңесінің арасында өзара байланыс бар. Мамандардың сөзінше, Халық кеңесі бір палаталы парламентке заң жобаларын ұсынуға құқылы. Кеңес құрамына 126 адам енеді.
Индира Рыстина, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, саясаттанушы:
Олар былай айтқанда өзінің негізгі жұмысы мен қоса осы қызметті де атқарып келетін болады. Бұл 126 адамның қалай іріктелетіні және қандай принциптер бойынша жиналатынына тоқталып өтсек. Яғни 42 адамнан бұл этномәдени бірлестіктердің өкілдері. 42 адам бұл қоғам белсенділері не болмаса үкіметтік емес сектордың өкілдері болады дәне 42 адам ол өңірдің өкілдері, өңірлерде бар қоғамдық кеңестер, мәслихаттардың өкілдері, яғни бұл кеңесте қоғамның жан-жақты страталары қамтылатын болады.
Халық кеңесінің өкілеттіліктері Конституцияның 71-бабында көрсетілген. Қысқаша айтқанда бұл институт мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар береді. Қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға атсалысады. Референдум өткізу туралы бастама көтереді. Ең бастысы – кеңес шешімдері мемлекеттік органдар үшін ескеруге міндетті сипатқа ие болады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Осылайша, Қазақстанда қоғамдық диалогтың жаңа кезеңі басталмақ. Халық кеңесі түрлі әлеуметтік топтардың басын қосып, елдегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған ортақ алаң болуды мақсат етеді. Оның бұл міндетті қаншалықты тиімді атқаратыны уақыт еншісінде.


Бөлісу