Басты Жаңалықтар Ақмола облысында қоқыс өңдейтін 3 кешен салынып жатыр

Ақмола облысында қоқыс өңдейтін 3 кешен салынып жатыр

Ақмола облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қоқысты сұрыптап, өңдейтін үш бірдей кешен салынып жатыр. Оның бірі облыс орталығында, қалған екеуі курортты Бурабай мен Зеренді аудандарында бой көтеруде. Олар жылына 150 мың тонна қалдықты кәдеге жаратады. Өңірдегі әріптесіміз Бибінұр Әмірханқызының материалы.

Көкшетаудағы қоқыс өңдейтін кешеннің құрылысы бүгінде қарқын алды. Жобаның басты мақсаты қалдықтарды полигондарға көмбей, сұрыптап, кәдеге жарату.

Мәриям Әбішева, кәсіпкер:

Біздің негізгі мақсатымыз – бірде-бір қалдықты жерге көмбей, түгел қайта өңдеу. Сұрыпталған қоқыстан баламалы отын, тыңайтқыш компост және пластик флекс-гранулаларын шығарамыз. Ал құрылыс қалдықтарынан кәдімгі қиыршық тас алынады. Бұл – нағыз қалдықсыз өндіріс.

Кешен 2027 жылдың көктемінде іске қосылса, 150 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сол кезде полигондар жылдар бойы жиналған қоқыстан толық тазартылып, оның топырағы қалпына келтіріледі. Оған дейін көкшетаулықтарды қоқысты бөлектеп жинауға ынталандыру мақсатында фондоматтар орнатылды.

Бибінұр Әмірханқызы, тілші:

Қоқысты табысқа айналдырудың төте жолы осы. Тұрғындар мұнда бос құтыларды өткізіп, эко-бонустар жинайды. Ал ол бонустарды кейін жол ақысын төлеуге немесе дүкендерде жеңілдік алуға жұмсай алады. Ең бастысы — бұл қалдықтар полигонға емес, тікелей қайта өңдеуге кетеді.

Шаһарда әзірге үш экотерминал жұмыс істеп тұр. Ол ПЭТ және аллюминий бөтелкелерді қабылдайды.

Әскербек Сәдуақасов, Көкшетау тұрғыны:

Қағазын бөлек, пластиканы бөлек, «Жаңа Қазақстан» дейміз, жақсы дүние болар еді. Өскелең ұрпаққа үлгі болар еді. Әдетті қалыптастыру керек, әрбір адам көрген осындай нелері болса, жерде жатқан болсын, қолында болсын, суды ішіп мында салу керек. Оны салғаннан кейін өздері апаратын жеріне апарып, сұрыптайды ғой.

Қоқысты бөлектеп жинау жәшіктері бүгінде оқу орындарында да орнатылған. Бұл жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастырады, - дейді жоба авторлары.

Медина Асан, студент:

Қоқысты сұрыптау біз үшін күнделікті дағдыға айналды. Меніңше, мұндай бастамалар бізді тек тазалыққа ғана емес, жауапкершілік пен экологиялық мәдениетке үйретеді. Саналы жастар қоршаған ортаны қорғауды дәл осындай кішкентай қадамдардан бастауы керек деп есептеймін.

Жоба аясында қазақстандық өндірістегі электрмоторлы қоқыс тасымалдайтын көліктер сатып алынбақ. Бүгінде шаһарда қоқысты бөлектеп жинауға арналған арнайы жәшіктер қойыла бастады. Әзірге қала бойынша осындай 80 жәшік бар.

Бөлісу