Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы UIM F1H2O Әлем чемпионаты гран-при кезеңінің ашылу салтанатына қатысты

Мемлекет басшысы UIM F1H2O Әлем чемпионаты гран-при кезеңінің ашылу салтанатына қатысты

Орталық Азия мемлекеттерінің Президенттері су-моторлы спорттан UIM F1H2O Әлем чемпионатының гран-при кезеңінің ашылу салтанатына қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Орталық Азия елдерінің басшылары чемпионатқа қатысушылармен әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттеріне судағы жарыстарға арналған болид таныстырылды. Бұдан соң Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшылары бір мезгілде символикалық тетікті басып, су-моторлы спорттан Әлем чемпионатының «Қырғызстан Республикасы – Ыстықкөл 2026 гран-при» кезеңін ресми түрде ашты. Жарысқа Біріккен Араб Әмірліктері, Аустралия, Канада және басқа елдердің намысын қорғайтын 8 команда мен 18 спортшы қатысып жатыр. Қырғызстанда алғаш рет өткізіліп жатқан сайыс республика тарихындағы ең ірі халықаралық спорттық-мәдени іс-шара саналады. Айта кету керек, кеше Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуі өтіп, аумақтық қауіпсіздік, сауда және логистика, сондай-ақ экономикалық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылап, Шолпан-Ата декларациясын қабылдаған еді.

Бөлісу