Басты Жаңалықтар Президент Бельгиялықтар Королі және Патшайымымен келіссөз жүргізді

Президент Бельгиялықтар Королі және Патшайымымен келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгиялықтар Королі Филипп және Патшайым Матильдамен келіссөз жүргізді. Бұл - Бельгия монархтарының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары. Ақордада саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Бельгияны еліміздің Еуропадағы сенімді серіктесі деп атады. Король Филипп Астанаға 100-ден астам өкілден тұратын делегациямен келген. Олардың қатарында министрлер, ірі компаниялардың жетекшілері мен университет ректорлары бар. Бельгия - Қазақстанның маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі. Соңғы 20 жылда бұл елден 15 миллиард долларға жуық инвестиция тартылған. Былтыр өзара сауда көлемі 582 миллион доллардан асты. Келіссөз барысында дипломатиялық қарым-қатынастың келешегі де сөз болды. Келесі жылы екі ел арасындағы ресми байланысқа 35 жыл толады. Король Филипп Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ Бельгияның Орталық Азиямен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келесі жылы елдеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Осы жылдарда шынайы достық пен өзара құрметке негізделген тығыз қарым-қатынасты жолға қойдық. Үздіксіз саяси диалог ынтымақтастығымыздың берік тұғыры іспеттес. Біз жетістіктеріңізді ұдайы қарап отырамыз. Бұл шын мәнінде таңғалдырады. Сіздерден үлгі алып, тәжірибелеріңізді үйренуіміз қажет.

Филипп, Бельгиялықтар Королі:
Қазақстан – біз үшін қарқынды дамып келе жатқан өте маңызды ел. Жалпы, Бельгия тұтас Орталық Азия өңіріне айрықша қызығушылықпен қарайды. Бұл өңірдің мәні зор. Елдеріміз 35 жыл ішінде жақсы қарым-қатынас орнатты. Біз осы тарихи межені бірге атап өтуге ниеттіміз. Сонымен қатар ынтымақтастығымызды жаңа сапалы деңгейге көтеретінімізге сенімдімін.

Бөлісу