Құрылтай сайлауы: 10400-ден астам учаскелік сайлау комиссиясы дайындықты бастады
Бүгін Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру бюллетенінің үлгісін таныстырды. Ол А4 форматында, көгілдір түсті болады. Бюллетенде 7 саяси партияның атауы және «Бәріне қарсымын» деген таңдау нұсқасы бар. Дауыс беру күні тұрғылықты мекен-жайында болмаған сайлаушыларға есептен шығару куәлігі қалай беріледі? Құрылтай сайлауында тағы нені білуі керек? Назерке Өтеген баяндайды.
Бүгін 10 400-ден астам дауыс беру учаскесі Құрылтай сайлауына дайындықты бастады. Олар сайлаушылардың тізімдегі деректерін тексеріп, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, сайлау күні басқа елді мекенде болатын азаматтар есептен шығару куәлігі арқылы дауыс бере алады. Құжатты тіркелген жері бойынша учаскелік комиссиядан 7 тамыздан 22 тамызға дейін алуына болады. Ол үшін өтініш пен жеке куәлік қажет.
Азамат Айманақұмов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
Есептен шығару куәліктерінің 5 таңбалы номері болады. Жоғалған есептен шығару куәлігі қалпына келтірілмейді.Жазбаша өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты көрсеттеннен кейін ғана беріледі. Құжат сенімхат бойынша берілуі мүмкін. Сенімхатты ноториялды куәландыру талап етілмейді.
Сондай-ақ, 7 тамыздан бастап сайлаушылар тізімдегі өз деректерін тексеріп, қате анықталса оны түзету үшін учаскелік комиссияға өтініш бере алады. Бұдан бөлек, ОСК азаматтарға арналған екі онлайн-сервисті іске қосады. Олар тіркеу деректерін тексеруге және қажет болса сайлау учаскесі бойынша уақытша тіркелуге мүмкіндік береді.
Мұхтар Ерман, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
eGov порталы арқылы қызметкер рұқсаты бар учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері азаматтың жазбаша өтініші бойынша азаматтарды тізімге енгізу үшін тұрақты тіркелген жері туралы ақпаратты ала алады. Расталған жағдайда комиссия оларды енгізу туралы шешім қабылдайды. Бұл қызмет 5106 сайлау учаскесінде қолжетімді болады.
Бұл ақпаратты екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы да ұсыну жоспарланып отыр. Қызметтің іске қосылатын уақыты алдағы күндері белгілі болады. Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы бүгінге дейін 9 шет мемлекет пен 4 халықаралық ұйымнан барлығы 251 халықаралық байқаушыны аккредиттеді. Тіркеу жаңа түскен өтінімдерге қарай жалғаса береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы