Құрылтай сайлауы жақындаған сайын партиялардың үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті
Саяси ұйымның бірі еңбек ұжымына барса, енді бірі шалғай ауыл халқымен кездесіп жүр. Азаматтар сайлау бағдарламасын таныстыруға барған кандидаттарға өз ұсыныстарын жеткізіп, шешімін таппаған мәселелерін ашық айтуда.
«Әділет» партиясы: кандидаттар «әйелдер форумына» қатысты
«Әділет» партиясының өкілдері Ақтөбе облысына барып, «Әйелдер форумына» қатысты. Шараға еліміздің барлық өңірінен мыңға жуық адам жиналған. Олардың қатарында түрлі қоғамдық ұйым өкілдері мен басқа да сала мамандары бар. Олар отбасын қолдау, ана мен бала денсаулығы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және әйелдердің мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне қатысу мәселесін талқылады. Бұдан бөлек, кандидаттар өңірдегі мұнайшылармен, металлургтермен, ірі кәсіпорындардың ұжымымен және жастармен кездесті.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
Соңғы 10 күнде біз еліміздің бірнеше өңірін аралап, тұрғындармен ашық жүздесулер өткізіп келеміз. Халықтың ұсынысын тыңдап, көкейіндегі мәселесін талқыладық. Қай өңірге барсақ та ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қолға алған реформаларға үлкен сенім бар. Партиямыз Құрылтай депутаттығына ең лайықты деген 186 кандидатты ұсынды. Соның 72-сі яғни 39 пайызы - әйел адамдар.
ЖСДП кандидаттары сайлаушыларымен кездесті
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері Өскемен халқымен кездесті. Қала тұрғындары өнеркәсіптік аймақтағы экологияны жақсарту, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау, жастарды жұмыспен қамту мәселелерін көтерді. Өңірде жұмысшы мамандар жетіспейді. Кадр тапшылығы әсіресе аймақтың Ресей және Қытаймен шекаралас аудандарында өзекті, дейді жұрт. Ал Шымкенттегі медицина қызметкерлерімен кездесуде зейнетақы жинағын басқару, қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеру жайы талқыланды.
Қуандық Нұржау, ЖСДП филалы төрағасының М.А:
Үгіт-насихаттық жұмыстарын жүргізу мақсатында аурухана қызметкерлерімен кездесіп, өзіміздің бағдарламамен таныстырып, ол кісілердің көкейінде жүрген сұрақтарын тыңдадық. Басты көтеріп жатқан сұрақтары зейнет жасын төмендету, азық-түлік бағасының көтерілуі көпшілікті осы мәселелер алаңдатады.
ҚХП өкілдері теміржолшылармен кездесті
Қазақстан халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Семейдегі теміржолшылармен кездесті. Сала өкілдері зейнет жасына жақындағандарды еңбекпен қамту мәселесін көтерді. Жұмысшылар «Күміс жас» жобасы туралы пікірлерін білдіріп, егде жасқа таяғандарға арналған оқу орнын ашу, олардың экономикалық белсенділігін сақтауға көмек беру туралы ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар жалдамалы жұмыскерлердің еңбек құқығын қамтамасыз ету мәселесі сөз болды. Еске сала кетейік, Құрылтай сайлауына «Қазақстан Халық партиясы» атынан 72 үміткер түседі. Оның ішінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың үлесі 41 пайыздан асады.
Халел Мақсұтов, ҚХП төрағасының орынбасары:
Осы теміржолшылар 5 мыңдай адам жұмыс жасайды екен, сол енді бүгін басшылармен кездесіп, өзіміздің тақырыбымызды болашақтағы бағдарламаларымызды түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өз ісіне адал болатын, заңды құрметтейтін, өзінің ісі мен жұмысына жауапкершілікпен қарайтын , отбасына, қоғамға, мемлекетке, соған қызмет ететін адамдарды осы адал қызметі үшін кездескен уақытта осы азаматтарға көп көп рахметімізді айттық.
«Ауыл» партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесті
Солтүстік Қазақстан облысында «Ауыл» партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесті. Қызылжар ауданы Якорь ауылында өткен басқосуға құс фабрикасының ұжымы және ветеринарлар қатысты. Халыққа саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, құс шаруашылығы мен ветеринария саласын қолдау, азық-түлік қауіпсіздігі және мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, кандидаттар Атыраудағы бекіре өсіру зауытының ұжымымен кездесті. Әуелі кәсіпорынның жұмыс барысын көріп, шабақ өсіру технологиясымен танысты.
Рабиға Тоқсеитова, «Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Осы уақытқа дейін 200 ауылға біздің группаларымыз жетті. Ауылды мекендерде тұрып жатқан адамдарға өзіміздің ана бағдарламамызды жеткіздік. Оның ішінде қандай-қандай мәселелерді қойып жатқанымызды оны жеткіздік.
«Ақ жол» партиясы: кандидаттар еңбек ұжымдарымен кездесті
«Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Жамбыл облысына барды. Партия өкілдерінің өңірдегі сайлауалды үгіт-насихат науқаны Меркі ауданынан басталды. Алғашқы жүздесу 70 жылдық тарихы бар «Меркі» шипажайында өтті. Еркін форматтағы басқосуға өңір кәсіпкерлері, аудан тұрғындары қатысты. Жиналған қауымға саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Сондай-ақ, дәл осындай жиын «Меркі қант зауытында» да өтті. Онда отандық өндіріс пен бизнесті қолдау, тауар өндірушілерге барынша қолайлы жағдай жасау мәселесі сөз болды.
Дания Еспаева, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
Ең бірінші біздің мақсатымыз әрбір ұжыммен кездесуде міндетті түрде бүгінгі күнде халықты қандай мәселелер толғандырады, соны талқылап сонымен қатар, өзіміздің «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстыру. Халықтың көтеріп отырған көптеген сұрақтары: несиге байланысты.
«Respublica» партиясының кандидаттары жұмысшылармен кездесті
«Respublica» партиясысың өкілдері Қызылордадағы бірқатар кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті. Саяси ұйым мүшелері алдымен Жолаушылар вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешенінде болып, бірнеше өндірістік цехтың тыныс-тіршілігімен танысты. Ұжыммен өткен ашық диалог форматындағы жиында кандидаттар партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жұмысшы қауымға құжаттың негізгі бағыттары егжей-текжейлі түсіндірілді. Бұдан бөлек, партия өкілдері облыс орталығындағы кірпіш зауытының ұжымымен жүздесті. Кездесуде сайлаушылар көкейде жүрген сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Жалынбек Жайнарбай, «Respublica» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Үгіт-насихат науқаны аясында партияның жоспары қандай, партия алдағы күнде не істей алады, бүгінгі күнге дейін қандай жұмыстар істелді деген сияқты мәліметтерді беріп өттік. Қазіргі күнде менің байқауымша бізді өте жақсы қарсы алып, жанағы саяси активный екенін көрсетіп, сондай бір мен жақсы әсер алып жатырмын Қызылорда қаласынан.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы