Басты Жаңалықтар Абай облысында оңалту орталықтары жұмыс істеуде

Абай облысында оңалту орталықтары жұмыс істеуде

Қазақстанда 743 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 110 мыңы бала. Мемлекет ерекше қажеттілігі бар азаматтарды оңалту және қоғамға бейімдеу жұмыстарын жүйелі түрде күшейтіп келеді. Мәселен, соңғы жылдары Президент тапсырмасымен Семей, Тараз, Кентау, Орал және Атырау қалаларында заманауи оңалту орталықтары пайдалануға берілген. Биыл тағы бірқатар өңірлерде жаңа нысандар ашылмақ.

Бұл – Түркістан облысы Сауран ауданындағы «Самғау» оңалту орталығы. 200 орындық кешен 18 жастан асқан мүгедектігі бар азаматтарға арналған. Мұнда келушілер 25 күн бойы медициналық оңалтудан өтіп, сегіз бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет алады.
Президент тапсырмасымен ашылған осындай маңызды әлеуметтік нысанның бірі – Семейдегі абилитация және оңалту орталығы. Бұған дейін өңірде мұндай кешен болмаған. Орталық ерекше балалар мен мүгедектігі бар 150 ересекті бір мезетте қабылдайды. Мұнда медициналық, әлеуметтік және педагогикалық оңалтудың барлық түрі бар.
Мәншүк Назарбекова, абилитация және оңалту орталығы директорының орынбасары:
1-ші, 2-ші топ мүгедектігі бар адамдар, тірек қимыл апараты бұзылған адамдар және психоневрологиялық бөлім қызмет атқарады. Жалпы орталық 8 әлеуметтік бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Облыс көлемінде аудан ауданнан келетін мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетіп отырмыз.
Ал Атыраудағы «Алмалы» орталығы екі ай бұрын ғана жұмысын бастады. Ғимаратта сауықтыру-жүзу бассейні, спорт және мәжіліс залдары, дәрігерлік кабинеттер мен оңалту-жаттығу бөлмелері орналасқан. Науқастарға сапалы қызмет көрсету үшін 180 маман жұмыс істейді.
Анар Каюпова, «Алмалы» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту орталығы КММ директоры:
Жалпы мекемемізде дефектолог, логопед, психолог, дәрігерлер, неврапотолог, психиатр, реабилитолог сияқты мамандар жұмыс істейді. Маусым айынан ашылғалы бері 200 адамды қамтып отырмыз.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін Ақтөбе, Көкшетау, Шымкент және Талдықорған қалаларында да жаңа оңалту орталықтарын іске қосу жоспарланған.


Бөлісу