Басты Жаңалықтар Отырардан теңгелер мен қыш ыдыстар табылды

Отырардан теңгелер мен қыш ыдыстар табылды

Түркістан облысында археологтар Отырар қалашығының Шахрситан бөлігінен көне шаһардың орнын тапты. Бес қабаттан тұратын бұл аумақта тұрғын үйлер мен шаруашылық бөлмелердің, қыш күйдіретін пештер мен қыш төселген көшелердің орны бар болып шықты. Сондай-ақ алғаш рет дахма үлгісіндегі ұжымдық жерлеу орны анықталды. Ең төменгі қабатта Алтын Орда кезеңіне жататын мешіттің қабырғалары және тау тастары төселген көшенің болғанын айғақтайды.

Көне Отырардан табылған ескі қалашықтың орны 100 шаршы метр жерді алып отыр. Археологтар Алтын орда кезеңіне тиесілі бұл орында мешіт пен көшенің болуы ежелгі қаланың өркениеті дамыған, тіпті халықаралық сауда байланыстары болған деп топшылайды. Өйткені бұл жерден қытай өрнекті қыш ыдыс сынықтары, қытай теңгесі және Алтын Орда хандары атынан соғылған теңгелер шыққан.
Бақдәулет Сыздықов, археолог:
Үшінші құрылыс қабаттан бірнеше тұрғын үйлердің бөлмелері анықталды. Бұл жерде міні әлі де көріп отқандарыңыздай стратиграфиялық кесінділер құмыралар артифактілерді көруге болады. Ал төртінші құрылыс қабатта алғаш рет Отырар қаласында кездесіп отырған дахма түріндегі жерлеу орны анықталды.

Қазба жұмыстарын тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожа жетекшілік еткен археологиялық экспедиция жүргізді. Мамандар анықталған археологиялық кешеннің туристік әлеуеті жоғары деп бағалауда. Өйткені тас төселген көше мен баспалдақты жол ортағасырлық қаланың сәулеттік келбетін табиғи күйінде көрсетуге мүмкіндік береді. Қазір бұл жәдігерлерге әлем ғалымдары қызығушылық танытуда.
Әли Әлімбекұлы, ҚР Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері:

Биылғы біздің зерттеулеріміздің нәтижесі оларға да қызық боп тұр. Ұлыбританиялық осы Алтын орданы зерттейтін мамандарға да. Сол себепті осы қыркүйек айының 28-29 күндері Кэмбридж қаласында конференция өткелі жатыр. Сол конференцияға осы биылғы қазба жұмыстарының нәтижелерін, цифрландыру, ғылыми жағын артифактілерін бәрін сол жақта барып презентация жасап таныстыратын боламыз.

Ал өткен жылы Отырар қалашығының шетіндегі Рабад бөлігінде  VIII ғасырға жататын үй ішіндегі михраб табылған болатын. Зерттеушілер бұл кезеңде ортақ мешіт болмағандықтан тұрғын үйлерде жеке михрабтар ашылған деген тұжырым жасап отыр.

Мұхтар Қожа, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Бұл тарих үшін өзекті мәселе. Осы діннің қашан келгенін анықтау керек. Қалай тарады деген мәселелер бар. Көбінде жазба деректерде ақпарлары тым қысқа. Сондықтан біз археологиялық деректерді ұсындық ол жерде. Яғни алғашқы кезде мұсылмандық дінді мешіт болмаған. Адамдар сиыну керек. Мінәжат етіп намаз оқу керек. Сонда үйлерінің ішінде михрабтар болған екен.

Ғалымдар қазір көне шаһардың орнын сақтау мақсатында консервациялау және қорғау жұмыстарын жүргізуде. Жобаға қазақстандық мамандармен қатар шетелдік ғалымдар да қатысатын болады. Сонымен қатар ғылыми топ отандық және шетелдік архив материалдарын жинақтап, кешенді тарихи-археологиялық талдау жүргізбек.



Бөлісу