Басты Жаңалықтар Құс еті мен тауық жұмыртқасын өндіру қарқын алды

Құс еті мен тауық жұмыртқасын өндіру қарқын алды

Ақмола облысы құс еті мен тауық жұмыртқасын өндіруден республика көлемінде көш бастап келеді. Өңірде жылына 700 млн дана тауық жұмыртқасы, 137 мың тонна құс еті өндіріледі. Отандық өнім көлемін арттыру мақсатында өңірде бірнеше жоба жүзеге асты.         

Тауық жұмыртқасын өндіруден еліміз бойынша үздік үштікке кіретін бұл құс фабрикасы өндіріс көлемін 30 пайызға арттырмақ. Биыл фабриканың 3-кезеңінің құрылысы басталды. Жоба құны 3 миллиард теңге.

Борис Оздоев, құс фабрикасының директоры:

Жоба бойынша бұл жерге 6 құс қорасы салынады. Оның әрқайсысында шамамен 70 мың құс орналасады. Құрылысты осы жылдың аяғына дейін аяқтап, 2027 жылдың басында іске қосамыз. Барлығы 300 мың бас құс әкелінеді. Жылына 90 млн дана жұмыртқа өндірілмек. Шамамен 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Жұмысын 2008 жылы бастаған еліміздегі ірі құс фабрикасында бүгінде 260 млн дана жұмыртқа өндіріледі. Өндіріс ошағының 3-кезеңі іске қосылса, өнім көлемі 350 мыңға жетпек. Кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталған. Көлемі мен сапасына қарай жұмыртқа мұнда 8 санат бойынша іріктеледі.

Гүлзат Мишибиева, ауысым басшысы:

Күніне пром цехтерден 900-950 мыңдай жұмыртқа кіреді. Жалақысы 300-350 мың деуге болады және одан да жоғары. Жұмысшыларды арнайы көлікпен әкеледі автобустармен, тамақтандырады түс кезінде тегін, үстеріне киімдері, формасы осы жерде беріледі. Адамдарға ұнайды. Өзіме ұнайды. Өзімнің осы жерде жұмыс істегеніме 9 жыл болды.

Биылғы жылдың 6 айында облыстың ауылшаруашылығы саласына 50 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылды. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 1,5 есе көп.

Нұрбек Бадырақов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Ет өңдеу, мал бордақылау саласында сүт өңдеу кәсіпорындарында 5 пайызбен жылдық айналым қаражатын толықтыру үшін мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. Сол қолдаулардың аясында біздің кәсіпорындардың қайта өңдеу саласындағы жылдық қуаттылығы қазіргі таңда 50-60 пайыз төңірегінде болса, 80-90 пайызға дейін, кейбір салаларда 100 пайыз толық өңдеу қуаттылығына жеткізу басты мақсатымыз.

Тағы екі өндіріс іске қосылса, 1 миллиард  тауық жұмыртқасы өндірілмек. Сол кезде елордаға жеткізілетін жұмыртқа көлемін 80 пайызға арттыруға, ал құс етімен қамтуды 100 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік туады.

Бөлісу