Басты Жаңалықтар Шет мемлекеттерде 82 учаскелік комиссия құрылды

Шет мемлекеттерде 82 учаскелік комиссия құрылды

Құрылтай депутаттарын сайлауға Қазақстан азаматтары шетелде де қатыса алады. Ол үшін жүзден астам шет мемлекетте 82 учаскелік комиссия құрылды. Қазақстан елшіліктері мен консулдықтары жанынан құрылған учаскелерде саяси науқанға дайындық қызу жүріп жатыр. Қазір бізбен Брюссельдегі әріптесім Нұрсұлу Қасым байланыста. Нұрсұлу, Бельгияда сайлауға дайындық қалай?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Бельгиядағы Қазақстан елшілігі жанынан құрылған 405-сайлау учаскесінде саяси науқанға дайындық қызу жүріп жатыр. Дипломатиялық өкілдік ресми сайттары, әлеуметтік желідегі парақшалары және смс хабарлама арқылы Қазақстан азаматтарына сайлау жайлы ақпарат таратуда. Қазақстандықтар консулдыққа хабарласып, өздері де тіркеліп жатыр. Елшілік қызметкерлері азаматтарды қабылдауға қажетті ұйымдастыру және техникалық дайындық жұмыстарын жүргізуде. Сайлау комиссиясының төрағасымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамын.

Мұрагер Сауранбай, ҚР Бельгиядағы елшілігі жанындағы 405-учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

Бүгінгі таңда Брюссельдегі 405 сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне 101 еліміздің азаматы тіркелді. Олардың қатарында Бельгия мен Люксембург елдерінде тұрақты тұратын, ұзақ мерзімде жүрген еліміздің азаматтары мен олардың отбасы мүшелері,осындағы халықаралық ұйымдар мен жергілікті компанияларда қызмет атқаратын азаматтарымыз және студенттер бар. Тізімге тек қана тұрақты тұратын емес, сондай ақ, сол кезеңде уақытша келіп, туристік мақсатта немесе жақындарына қыдырып келетін азаматтар да белгіленген тәртіппен тізімге енгізілуі мүмкін.

Сайлауға Бельгиядағы қазақстандық студенттер де белсене қатыспақ. Бұл елдің болашағы үшін өзекті мәселеге үн қосуға таптырмас мүмкіндік»дейді жастар.

Әлімсері Махамбетәлі, Левен католик университетінің студенті:

Бельгияда студент бола тұра, еліміздің саяси науқандарына белсенді қатысып жүрмін. Алда келе жатқан 23 күнгі құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, еліміздің дамуына үлесімді қосып, дауысымды бергім келеді.

Дауыс беру барысында заңнамада белгіленген талаптардың сақталуын учаскелік сайлау комиссиясы қадағалайды. Халықаралық байқаушылар да саяси науқанға қатысып, бақылау жасай алады. Бірақ, әзірге байқаушылардан ресми өтініш түспеген. Жалпы, Бельгия мен Люксембургта тұратын немесе іссапарда, саяхатта жүрген Отандастарымыз 23-тамыз күні таңғы жетіден кешкі сағат сегізге дейін Брюссельдегі Қазақстан елшілігіне барып, дауыс бере алады.


Бөлісу