Басты Жаңалықтар Ілеспе газдан электр энергиясын өндіру қолға алынады

Ілеспе газдан электр энергиясын өндіру қолға алынады

Ілеспе газдан электр қуатын өндіріп, оны экономикаға пайдалы ету мүмкін бе? Президент жақында цифрлық активтер индустриясын дамыту туралы Жарлыққа қол қойды. Құжатта дәл осы мәселе қамтылған. Өндірілген электр энергиясын майнингке пайдалану көзделіп отыр. Бірақ біздің нарық бұған дайын ба? Мұндай жоба криптокәсіпкерлер үшін тиімді ме? Ақниет Балтанованың зерттеу материалына зер салсақ?

Ақниет Балтанова, тілші:

Президент цифрлық активтер индустриясын дамытуды тапсырды. Бұрын түк пайдаға аспай, босқа жағылған ілеспе газды енді электр қуатына айналдыруға болады. Алдымен ілеспе газ деген не? Осыны түсініп алайық. Мұнай жер астында жалғыз жатпайды. Оның құрамында еріген газдар болады, яғни метан, этан, пропан, бутан немесе өзге де компоненттер. Жерді бұрғылап, мұнайды өндірген кезде, қабаттағы қысым төмендеп, мұнаймен бірге жаңа айтқан ілеспе газ да сыртқа шығады. Оның құрамындағы компоненттер мұнай-химия өнеркәсібі үшін құнды шикізат саналады.

Міне, сол шикізатты электр энергиясына айналдыруға болады. Бұған дейін ілеспе газды факелде жағып жүрді. Себебі шалғайда орналасқан кен орындарында газды жинап, тасымалдау мен өңдеу – мүмкін болмады. Басты себеп - инфрақұрылым жоқ. Енді Президент жарлығына сай, генераторлар орнатып, жабдықтарды жеткізіп, майнинг компаниялар бұл газдан электр энергиясын өндіре алады. Бұл екі тарап үшін де тиімді.

Сергей Путро, Блокчейн және цифрлық майнинг қауымдастығының вице-президенті:

Ілеспе газды газтурбиналық қондырғы арқылы электр энергиясына айналдыруға болады. Қазіргі заңнамаға сәйкес, майнерлерге электр қуатын пайдалануға белгілі бір шектеулер бар. Ал біз 24 сағат бойы үздіксіз пайдаланғымыз келеді. Әрі ілеспе газдан өндірілетін электр энергиясының құны арзанырақ. Сондықтан бұл жоба біз үшін тиімді. Ал Қазақстанға майнинг компаниялар былтыр 35 млрд теңге салық төледі. Демек бұл шешім мемлекетке де пайдалы.

Әлемде мұндай тәжірибе бар. АҚШ пен Канаданың көптеген компаниялары дәл осындай модельді қолданады: кен орнының жанында шағын электр станциясын орнатып, майнинг жүргізеді.

Үкімет те бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. 2028 жылы еліміздің батыс өңірінде 2 бірдей газ-химия зауыты іске қосылады. Бұл өндіріс Теңіз бен Қашағаннан, яғни 2 жер қойнауынан өндірілген газды игереді.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы:

Электр энергиясына тапшылық тудырмау бағытында, сол шоғырланған жерінде және өндірісті өзінің мүмкіндігімен қамтамасыз ету үлкен қадам болар еді. Бұл міндетті түрде мемлекеттік тұрғыда шегеленіп тұрып бекітілген бағдарлама және орындауға мәжбүрлейтін инструменттермен болатын болса, құба-құп болар еді.

Демек, дәл осы ілеспе газды электр энергиясына айналдыру моделі іске асса, мұнай компаниялары қосымша табыс табады. Ал майнинг индустриясы арзан әрі үздіксіз энергия көзіне қол жеткізеді. Сондай-ақ аталмыш жоба экономика мен  экологияға да оң әсерін тигізеді. Ең маңыздысы – бұл сала бақылаусыз қалмайды. Цифрлық активтер айналымын, соның ішінде стейблкоиндермен байланысты операцияларды Ұлттық банк реттейді.

Стейблкоин – АҚШ долларына байланған цифрлық валюта. Яғни ол биткоин сияқты күн сайын күрт қымбаттап не арзандап кетпейді. Бағаны тұрақты ұстайды. Сондықтан Халықаралық төлем кезінде оны пайдалану тиімді. Міне, цифрлық ақшаның осы түрін майнинг индустриясына енгізу – еліміз үшін тағы бір мақсат.
Сонымен жаңа бастаманың табысты болуы бірнеше факторға байланысты. Атап айтсақ, заңнамалық реттеу, инфрақұрылымды дамыту және криптокәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау.

Бөлісу