Басты Жаңалықтар S&P Global Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне жоғарылатты

S&P Global Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне жоғарылатты

 S&P Global Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне жоғарылатты

S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне дейін жоғарылатты. Бұл көрсеткішке Қазақстан 2016 жылдан бері алғаш рет қайта қол жеткізіп отыр.

Тәуелсіз кредиттік рейтингтің жоғарылауы Қазақстан экономикасының тұрақты даму әлеуетін, экономиканы әртараптандыру үдерісінің жалғасып жатқанын және елде сыртқы әрі фискалдық резервтердің жеткілікті деңгейде қалыптасқанын көрсетеді.

S&P бағалауынша, әлемдік тауар нарықтарындағы бағаның құбылмалылығы мен сыртқы тәуекелдерге қарамастан, Қазақстан экономикасы өз тұрақтылығын сақтап, орта мерзімді кезеңде өсуін жалғастырады. Агенттік сарапшылары 2026 жылы елдің нақты ЖІӨ өсімі 5,1%-ды құрайды деп болжап отыр. Сонымен қатар алдағы жылдары Қазақстан мұнай экспорттаушы мемлекеттердің арасында экономикалық өсімі салыстырмалы түрде жоғары елдердің бірі болады деп болжайды.

Рейтингтік агенттік экономиканы әртараптандыруға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарламалардың маңыздылығына да назар аударды. Шикізатты өңдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту бағыттарындағы жобаларды, соның ішінде «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ арқылы қаржыландыру инвестиция көлемін болашақта ЖІӨ-нің 30%-ына дейін арттыруға жағдай жасайды.

S&P сарапшылары бюджет шығыстарының бірқалыпты өсуі және салық базасын кеңейтуге бағытталған шаралар мемлекеттік бюджет тапшылығын біртіндеп төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақстанның валюталық активтерінің көлемі сыртқы борыштың қалыпты деңгейінен айтарлықтай жоғары болғандықтан, ел сыртқы кредитор ретіндегі берік позициясын сақтап отыр.

Сонымен қатар агенттік Қазақстанның банк секторының макроэкономикалық күйзелістерге төтеп беру қабілетінің жоғары екенін көрсеткен. Банк секторын реттеу мен қадағалау саясатының кезең-кезеңімен жетілдірілуі оның тұрақтылығын күшейтіп, активтер сапасына қатысты жүйелік тәуекелдерді азайтуға ықпал етті.

Бұған дейін Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингі «BBB-» деңгейінде болған. Жаңа «BBB» рейтингі елдің кредиттік қабілетінің жақсарғанын және экономикалық әрі қаржылық тұрақтылықтың нығайғанын көрсетеді.
Толығырақ оқу.


 


Бөлісу