Басты Жаңалықтар Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды

Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды

Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Павлодар қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жұмыстар аяқталғаннан кейін әуежай толыққанды жұмысын қайта бастады.

Павлолдар облысы әкімдігінің мәліметінше, аэродром сертификаттаудан өтіп, тұрақты әуе қатынасы қайта қалпына келтірілді: ұшақтар Астана және Алматы қалаларына қатынауда. Әуежайдың толыққанды жұмысын қайта бастау үшін барлық қажетті рұқсат құжаттары алынды. 17 тамызда авиациялық қауіпсіздік қызметі сертификатталса, 21 тамызда әуежайға аэродромның жарамдылық сертификаты берілді.

Әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары ICAO халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес жүргізілген.

«Павлодар аэродромы 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап жабық болған кезеңде мұнда ұшу-қону жолағын толық қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ұшу-қону жолағының ені 45 метрден 60 метрге дейін ұлғайтылды, жарық-сигнал беру жабдықтары, жарықтандыру және бейнебақылау жүйелері жаңартылып, әуежай аумағының периметрі бойынша жаңа қоршау орнатылды. Бұл мақсаттарға 16,4 млрд теңге бағытталды, оның ішінде 9,3 млрд теңге арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен бөлінді», - делінген мәліметте.

Сонымен қатар әуе бағыттарын кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. SCAT әуе компаниясы Ақтау, Шымкент және Ақтөбе бағыттарына рейстер ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Халықаралық бағыттар бойынша да келіссөздер жүргізілуде. Centrum Air әуе компаниясымен Павлодар-Ташкент бағыты бойынша 2027 жылғы наурыздан бастап рейстер ашу бойынша алдын ала келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ Мәскеу, Новосібір, Үрімші, Анталья және Шарм-эль-Шейх бағыттарына рейстер ашу мүмкіндігі зерделенуде.

Келесі кезеңде әуежай ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Жоба ұшу залын кеңейтуді және оның өткізу қабілетін сағатына 200-ден 300 жолаушыға дейін арттыруды, ішкі және халықаралық рейстердің жолаушылар ағынын бөлуді, жүктерді өңдеу мен тексерудің автоматтандырылған жүйесін орнатуды, телескопиялық траптары бар екі галерея салуды, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңартуды көздейді. Бұл ретте терминалды қайта жаңғырту жұмыстары әуежайдың жұмысын тоқтатпайды. Жолаушыларды қабылдау және жөнелту, сондай-ақ тұрақты рейстерді орындау жалғаса береді.


Толығырақ оқу үшін.


Бөлісу