Басты Жаңалықтар Түркияда Құрылтай сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр

Түркияда Құрылтай сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр

Құрылтай сайлауына тек еліміздегі емес, шет мемлекеттердегі сайлау учаскелері де қызу дайындық үстінде. Мәселен, Түркияда 23 тамыз күні 4 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олар Анкара, Ыстанбұл, Измир және Анталия қалаларындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарында орналасқан. Түркияда оқитын, жұмыс істейтін немесе қыдырып барған азаматтар сол жерлерде дауыс бере алады.

Малика кәмелеттік жасқа жақында толғандықтан, биыл тұңғыш рет дауыс береді. Өзі Ыстанбұлда университетке дайындық курсында оқып жүр. Ел болашағы үшін жастардың таңдауы маңызды дейді ол.

Малика Насырова, студент:

Бұл мен үшін өте маңызды, себебі әрбір жас өз елінде қандай өзгерістер болып жатқанынан хабардар болуы керек. Ел болашағы үшін саналы түрде таңдау жасауы тиіс деп ойлаймын. Бүгін жасалған таңдау мен шешім Жаңа Қазақстанды құруда үлкен оң өзгерістерге әкелетініне сенімдімін.

Ардагер журналист әрі дипломат Ержан Уәйіс бүгінге дейін бірде-бір сайлауға бармай қалған емес. Бүгінде қызмет бабымен Түркияда жүрген ақсақал Құрылтай сайлауына барып таңдауымды жасаймын деп отыр. Маңайындағы таныстарының барлығын ел болашағына бейғам қарамай, азаматтық ұстанымын білдіруге үгіттеп те жүр.

Ержан Уәйіс, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкілі:

Түркияда да қазақ азаматтары жұмыс істеп жатыр, оқып жатыр. Сол бауырларымды сайлауға бір кісідей қатысуға шақырар едім. Өйткені сайлау бір күндік дауыс беру емес, бұл - еліміздің болашағы, халқымыздың жарқын болашағы балаларымздың бақыты, мемлекеттің құтты, қуатты ел болуының бір көрінісі.

23 тамыз күнгі Құрылтай сайлауында 100-ден аса мемлекетте 80-нен астам дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Ал Ыстанбұлдағы Қазақстанның Бас консулдығы ғимаратында орналасқан №419-сайлау учаскесі дауыс берушілер үшін жергілікті уақытпен таңғы сағат жетіден кешкі сегізге дейін ашық болады.


Бөлісу