Басты Жаңалықтар Жетісу облысында 10 энергетикалық нысан салынады

Жетісу облысында 10 энергетикалық нысан салынады

Жетісу жұрты келешекте электр энергиясынан таршылық көрмеуі керек.  Қазір облыста 19 энергетикалық нысан жұмыс істеп тұрса, алдағы екі жылда тағы 10 жоба іске қосылады. Осылайша, өңірдегі электр қуаты 462 мегаватқа жетеді. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірге іссапармен барып, энергетикалық нысандардағы жұмыс барысын тексерді. Сондай-ақ өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобамен танысты.

Жетісу облысында электр стансаларының құрылысы қызған. Биыл 4 нысан пайдалануға берілсе, тағы 5 стансаның құрылысы басталады. Осылайша, алдағы екі жылда өңірдегі энергетикалық жобалардың саны 30-ға жуықтайды. Бұл Жетісудың электрге деген қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, артылған қуатты еліміздің басқа өңірлеріне беруге мүмкіндік береді.

Айдос Бекетаев, Облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Жалпы жаңартылатын энергия көздері 333 МВт құрайды. Оның ішінде 254 МВт өзіміздің облысымыздың пайдалануымызға кетеді. Қосымша 10 ГЭС біткен кезде тағы 191 МВт қосылатын болады.

Электр энергиясы жеткілікті болса, кәсіпкерлік те қанат жаяды. Биыл өңірде 43 инвестициялық жоба іске аспақ. Осылайша 1300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Әсіресе ауыл шаруашылығына басымдық берілген. Негізгі мақсат – өнімді шикізат күйінде емес, дайын тауар ретінде экспорттау. Ол үшін өндіріс ошақтарын дамыту қажет.

Нұрдәулет Кененбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Қант зауытымызда модернизация жүріп жатыр. Өздерінің қуаттылығын арттырып жатыр. Атап айтсақ, Көксу қант зауыты 250 мың тонна жылына өңдесе, бұл 2028 жылы 500 мыңға дейін арттырады. Ақсу зауыты 450-ге дейін көтереді.

Өңірдің экономикалық өсімі тұрғындардың тұрмысын жақсартуға да мүмкіндік береді. Биыл облыста 90 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 30-дан астамы – әлеуметтік нысан, 20-сы – тұрғын үй. Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды


Бөлісу