Басты Жаңалықтар Аваза саммиті: Қазақстан қандай бастамалар көтерді?

Аваза саммиті: Қазақстан қандай бастамалар көтерді?

Президент Түркіменстанның Аваза қаласында бірнеше жиынға қатысты: Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының сегізінші Консультативтік кездесуі; екіншісі – ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы; үшіншісі – Тұңғыш Каспий экология саммиті.

Ең бір елең еткізгені – Қ. Тоқаев Транскаспий дәлізін «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп бағдары» жобасымен байланыстыру жайын талқылауды ұсынды. Президенттің мәліметінше, Дүниежүзілік банк 2040 жылға қарай Каспий теңізімен жүк тасымалдау төрт есе ұлғаяды деген болжам жасаған.

«Осы екі дәлізді ұштастыруды сарапшылар деңгейінде талқылайық, себебі бұл жоба әлеуетімізді арттырады және барлық мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесіне сай келеді», – деген Қ. Тоқаев. Транскаспий дәлізі мен, бейнелеп айтқанда, Трамп дәлізін байланыстырудың мәні не?

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Аваза. Ақ мәрмәрлі қонақүйлер, теңіздің бұйра толқындары. Каспий жағалауындағы шағын қалашыққа күздің суығы әлі келе қойған жоқ. +Бұл күндері демалыс аймағы халықаралық саясаттың маңызды орталығына айналып отыр. ТМД жиынының алдында Орталық Азия мен Әзербайжан басшылары әуелі өзара басқосып, ортақ мәселелерді талқыға салды.

Азия кіндігіндегі бестіктің кеңесі 2018 жылы Астанадан бастау алып, дәстүрге айналған. Былтыр оған бауырлас Әзербайжан қосылып, аясы кеңейіп, алтылыққа айналды. Елдері аралас, жерлері шекаралас мемлекеттердің мәселесі де ортақ.

Қазір Орталық Азия елдерінің ішкі жалпы өнімі 619 миллиард доллардан асты. Алайда алыс-беріс 13 миллиард доллар ғана. Бұл алты елдің сыртқы саудасының небәрі 8 пайызы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондықтан үкіметтерімізге өзара сауда үлесін арттырып, осы көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс. Аймақтағы елдердің шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтары мол мүмкіндікке жол ашады. Қосылған құнның өңірлік тізбегін құру үшін жақын арада оларды бір-бірімен байланыстыру қажет.

Өзбекстан да бірлескен өндірісті дамытуға мүдделі. Шавкат Мирзиёев алты елдің кәсіпорындарын ортақ өндіріс жүйесіне біріктіруді ұсынды.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

«Алты экономика, бір өнім» қағидасы біздің ортақ мақсатымызды дәл сипаттайды. Бірнеше елдің кәсіпорындары бір өндірістік тізбекке қатысып, ортақ өнім шығарса, экономикаларымыз арасындағы байланыс әлдеқайда нығаяды.

Ал сауданың күретамыры – жол. Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді Зангезур дәлізімен өтетін TRIPP жолымен байланыстыруды ұсынды.

Бауыржан Әукен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы:

Қазақстанның территориясы арқылы Қытай өз тауарларын Орта дәліз арқылы, сәйкесінше, Әзербайжан, Түркия және өз тауарларын Еуропаға жеткізу, яғни тасымалдауға мүмкіндік алып отыр. Осы ретте Орта дәліздің дамуы тек қана Қазақстан, Орталық Азия, Әзербайжан үшін емес, сонымен қатар Қытай мен Еуропаға да үлкен бір мүмкіндік деп ойлаймын.

Дүниежүзілік банктің есебінше, 2040 жылға қарай Орта дәліздегі жүк көлемі төрт есе артуы мүмкін. Бірақ алдымен теміржол мен порттарды дамыту қажет. Оған 25 миллиард доллар керек.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Президенті:

Бүгінде Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау көлемі айтарлықтай артып келеді. Біздің ортақ міндетіміз осы бағыттардың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Орта дәліздің маңызы да артып келеді. Былтыр осы бағытпен транзиттік жүк тасымалдау көлемі 10 пайыздан астам өсті. Ал биылғы алғашқы сегіз айда тағы 20 пайызға жуық көбейді.

Дегенмен өңірлік келісімдердің бәрі бірдей орындалып жатқан жоқ. 2018 жылдан бері Орталық Азия басшылары 200-ден астам бастама көтерген. Президенттің айтуынша, соның аз ғана бөлігі жүзеге асқан. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы ұсыныстарды түгел саралауды ұсынды.

Авазадағы келіссөздер келесі күні ТМД мемлекеттері басшыларының саммитімен жалғасты. Жиынға алғаш рет қонақ ретінде Иран Президенті де шақырылды.

КСРО-ның ыдырап, Достастық ұйымының құрылғанына биыл 35 жыл. Маңызды меже. Одаққа кірген 15 елдің қазір тоғызы ТМД-ға мүше. Президент ұйымды жаңа геосаяси жағдайға бейімдеп, халықаралық ықпалын арттыру қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, алты жыл бұрын жаңартылған еді. Одан кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар көбіне белгілі бір салаға қатысты болды. Сондықтан көбіне бір-бірімен сәйкеспейді. Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын. Бұл – ортамерзімді перспектива.

Иә, ТМД-ның шымылдығы Алматыда түрілген. 1991 жылдың желтоқсанында Алатау баурайында қабылданған декларация егемен елдердің теңдігін айқындады. Никол Пашинян осы тарихи құжат Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келіссөздерге негіз болғанын айтты.

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:

Алматы декларациясы Армения мен Әзербайжан арасында бейбітшілік орнатуда шешуші рөл атқарды. 2024 жылы екі ел мемлекеттік шекараны межелеу жөніндегі комиссиялардың бірлескен жұмыс тәртібін бекітті. Бүгінде бейбітшілік орнағанын нақты айта аламыз. Соңғы екі жылдан астам уақытта екі тарап арасындағы атыстан қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ның ықпалын күшейтетін жаңа бастама көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ендігі қадам – алғашқы «ТМД плюс» саммитін ұйымдастыру деп ойлаймын. Жоғары деңгейдегі мұндай кездесу ықпалдастық географиясын кеңейтіп, еуразиялық ауқымдағы ашық әрі сұранысқа ие алаң ретінде Ұйымның рөлін күшейтеді. Қазақстан конструктивті ұстанымға сай Еуразиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық тұжырымдамасын жетілдіру бойынша ортақ жұмысқа атсалысуға ниетті.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Қазіргі таңдағы Орта дәліз мәселесінде Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесуі, одан кейін С5 форматы алатын болса, ол жердің барлығында түрлі державалармен, түрлі акторлармен бөлек-бөлек қарым-қатынас жасап жатырмыз. Не үшін? Бұл біздің сыртқы саясатымызға сәйкес келеді. Яғни көпвекторлықтың басты мақсаты – ешбір күштің ықпалында қалып қоймау. Біз оны диверсификация жасап жатырмыз. Ол да өте маңызды. Осы тұрғыдан ТМД да қажет.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Қарт Каспий. Жағалауындағы жұртты балығымен де, қойнауындағы байлығымен асырап келеді. Алайда алып айдын жыл өткен сайын тартылып барады. 1990 жылдардан бері деңгейі шамамен екі метрге төмендеген. Ғалымдардың кейбір болжамына сүйенсек, ғасыр соңына қарай тағы 21 метрге дейін таяздануы мүмкін. Бұл тұтас экожүйеге қауіп төндіреді. Сондықтан Авазада президенттер теңіз тағдырын арнайы саммитте талқылады.

Соңғы 25 жылда Каспий айдыны 16 мың шаршы шақырымнан астам аумаққа қысқарған. Кей жерлерде су жағалаудан ондаған шақырымға шегінді. Теңіздегі тіршілік те сиреп барады. Бір ғасыр бұрын миллионға жуық итбалық болса, қазір 270 мыңға дейін азайған. Су деңгейінің төмендеуі порттар мен кеме қатынасына да кедергі келтіре бастады.

Орынбасар Тоғжанов, эколог:

Каспий теңізінің ең жіңішке шығанағы бұл – Қайдақ шығанағы. Қайдақ шығанағының суы 200 километрге дейін шегініп кетті. Қазақстандық секторда 3 порт бар. Осының ішінде: Құрық, Ақтау, Баутина порттары бар. Міне, осы жерден негізінен түрлі жүк тасылады. Осы ондаған мың тонна әр порттан жүк тасылады. Міне, осы мезгілде судың деңгейі төмен түскенде, ана кемелердің асты жерге тиіп қалады. Сөйтіп те келіп жіберіп, ана бұрын сол он мың тонна жүк алатын кеме болатын болса. Енді бес мың тонна ғана жүк алады.

Президент Арал қасіретінің қайталануына жол бермеуге шақырды. Қазақстан Солтүстік Аралдың аумағын 36 пайызға ұлғайтқан. Каспийді сақтау үшін де бес мемлекеттің бірлескен әрекеті қажет. Қазақстанның теңіздегі су ресурстарын қорғау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу ұсынысы қолдау тапты. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерді біріктіріп, су деңгейін жерсеріктер мен жасанды интеллект арқылы бақылау ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Арал қасіреті табиғатты жауапсыз пайдаланудың соңы қайда апарып соғатынын ұдайы еске салады. Ондай жағдайдың қайталануына ешқашан жол бермеу керек. Бір кездері «Ұлы теңіз», «Қарт Каспий» деп ардақтаған айдынды сақтап қалу – замандас мемлекет қайраткерлері үшін жауапкершілік қана емес, арымызға сын. Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген ой мазалайды. Балаларымыз бен немерелеріміздің Каспийді қандай күйде көретіні бүгінгі қабылдайтын шешімдерімізге тікелей байланысты.

Қазақстан Каспийді сақтауға бағытталған ортақ бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Бес мемлекет ғылыми әлеуетін біріктіріп, теңіз тағдырына қатысты нақты шараларды қолға алуы тиіс. Өйткені Каспийдің тартылуы бір елдің ғана емес, тұтас өңірдің келешегіне төнген қатер. Бүгіннен бастап іске кіріспесе, ертең Каспийді сақтап қалу әлдеқайда қиынға соғуы мүмкін.

Бөлісу