Басты Жаңалықтар Зейнетақыны есептеу: Зейнетке шығарда нені ескеру керек?

Зейнетақыны есептеу: Зейнетке шығарда нені ескеру керек?

Қаржы министрі М. Тәкиевтің есебінше, елімізде 600 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам «көлеңкелі» экономикадан шығарылды. Yandex, InDrive, Wolt, Glovo сияқты 38 цифрлық платформа арқылы қызмет көрсететін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардан 1 қаңтардан бастап арнайы салық режимі аясында 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдер автоматты түрде ұстала бастады. Олардың зейнетақы қорына да көбірек ақша түсе бастады деген сөз.

Дегенмен, жалпы, айлықты конвертпен төлеу «дәстүрі» жойылған жоқ. Бірыңғай зейнетақы жинақтайтын қор өкілі айтып отыр. Бұл «уақыты келгенде, яғни зейнетке шыққанда көрерміз» дейтін пайымның жойылмағанын ғана көрсетпейді, бұл көлеңкелі экономиканың да бір сипаты. Әрине, қымбат күнкөріс мәжбүрлейтін жағдай бар.

Зейнетке шыққанда оны рәсімдеудің шырғалаңы және бар. Әсіресе ынтымақты бөлігі бойынша құжат жинау оңай емес.

Рамазан Кәленов былтыр зейнетке шықты. Мектептен соң техникумда оқып, совхозда еңбек еткен. Бірақ сол жылдардағы еңбек өтілін әлі дәлелдей алмай жүр. Айтуынша, жұмыс істеген жылдары еңбек кітапшасына енбей қалған.

Рамазан Кәленов, зейнеткер:

8-9 айдай болып қалды жүгіргенімізге. Құжаттарым түгел емес. Архивке запрос жібергенбіз. Оның өтінімі дұрыс болмады. Архивтің өзі күйіп кеткен дейді.

Мұндай жағдай басқа азаматтарға да таныс. Басқа зейнетақы жүйесі енген 1998 жылға дейін жұмыс істеген адамдарға еңбек өтілін дәлелдеу маңызды. Себебі сол кезеңдегі еңбек өтілі ынтымақты зейнетақыны тағайындау кезінде ескеріледі. Ал архив дерегі сақталмаса немесе еңбек кітапшасында қате кетсе, азаматтың өз еңбек жолын дәлелдеуі қиындайды.

Эльмира Жеткеншекқызы, сарапшы:

Көпшілігі 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі. Жиі кездесетін қателіктердің бірі – дұрыс жазылмауларында. Жұмысқа кірген ақпараттар дұрыс жазылмаған. Жұмысқа кірген мен шыққан кездегі даталар бір-біріне сәйкес келмейді.

Құжаттағы қателерді түзету оңай емес. Кейде сотқа жүгінуге тура келеді. Сондықтан мамандар зейнетке шығуға кемінде үш жыл бұрын дайындалуға кеңес береді. Еңбек кітапшасындағы жазбалар мен мөрлерді алдын ала тексерген жөн.

Арайлым Дәулетқалиқызы, сарапшы:

Еңбек кітапшасында ескі жазылымдар болғандықтан, мөрдің анықтылығына көпшілік мән бермейді. Ең басты назарға алатын жайт осы нәрсе.

Еңбек өтілі ғана емес, зейнетақы жарналары да маңызды. Жұмыс беруші жарнаны толық аудармаса, азаматтың жинағы азаяды. Ол келешекте зейнетақы көлеміне тікелей әсер етеді.

Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

Кейбір мекемелер азаматтарымыз жұмыс жасап жатса да, толық жалақыдан зейнетақы жарналарын төлемейді. Және тұрақты төлемейді. Әр күн маңызды. Келіп түскен зейнетақы жарнасы инвестицияланып отырады.

Ал еңбекақының бір бөлігін қолма-қол төлеу көлеңкелі экономиканы күшейтеді. Бұл мәселе Үкіметте де талқыланды. Қаржы министрі Мәди Такиев цифрландыру нәтижесінде анықталған әлеуметтік төлемдер көлемі, оның ішінде зейнетақы жарнасы да бар, 1,4 миллиард теңгеден 16,1 миллиард теңгеге дейін артқанын айтты.

Мақсат Халық, экономика және қаржы саласының сарапшысы:

Бұл мәселені үлкен мәселе деп қарастырамын. Нақты жалақыны көрсетпеу, қолма-қол  ақша беру деген сөз көлеңкелі экономиканың нарықта көлемін арттырып отыр деген сөз.

Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Кей азаматтар аз жалақысын жинақтауға емес, бүгінгі қажетіне жұмсауды жөн көреді.

Мақсат Халық, экономика және қаржы саласының сарапшысы:

Азаматтар аз ғана еңбекақы аламыз. Одан да мен оны құнсыздандырғанша, қазір алайын деген ұйғарымға келеді. Және ол логикалық тұрғыдан дұрыс шешім. Мен ойлаймын, бұл зейнетақы қорына қатысты саясаттың дұрыс жүрмеуінен.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Елімізде зейнетақы екі жерден төленеді. Мемлекеттік бюджеттен және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан. Зейнетақы төлемінің үш түрі бар: базалық, ынтымақты және жинақтаушы. Базалық зейнетақы жүйеге қатысу өтіліне қарай есептеледі. Ынтымақты зейнетақы 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен бұрынғы табысқа байланысты. Ал жинақтаушы төлем жеке шотқа түскен жарналардан құралады.

Базалық және ынтымақты зейнетақыны қаржыландыру республикалық бюджеттен жүргізіледі. Биыл 2,6 миллион зейнеткерді зейнетақымен қамтуға 4,2 трлн теңге қаржы қарастырылған. Министрлік мәліметінше, жыл сайын елде зейнеткерлер саны артып келеді. Биыл қосымша 120 мың адамға зейнетақы тағайындалған.

Әлібек Мейрамбекұлы, ЕӘҚМ өкілі:

Зейнеткерлер санының өсуі республикалық бюджетке салмақ түсіреді. 2027 жылға 5 трлн ақша жұмсау қарастырылуда.

Қаржы министрлігі 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірледі. Соған сәйкес, келер жылдан бастап зейнетақы 8,5 пайызға өсуі мүмкін. Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 38 622 теңге, ал ең төменгі зейнетақыны 74 919 теңге көлемінде белгілеу жоспарланған. Дегенмен әр азаматтың алатын төлемі бірдей болмайтынын ескерген жөн. Ал қарттыққа қадам басқанда «зейнетақым аз шықты» деп, кеңесшінің көмегіне жүгінетіндер көп. Бірақ олардың бәрі бірдей білікті емес.

Эльмира Жеткеншекқызы, сарапшы:

Бұл салаға жаңадан келіп жатқан, 1-2 курс оқып алған адамдар да бар. Қате ақпарат айтып қоятын мамандарды да көріп отырмыз. +23:50-/ Мен де бұл саладан арнайы тексерулер болғанын дұрыс деп ойлаймын.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Демек, мәселе тек зейнетақы көлемінде емес, еңбек жылдарының әділ есептелуі мен жүйенің тұрақты жұмыс істеуінде жатыр. Себебі зейнетақы – бір күнде жиналатын қаражат емес. Ол – ондаған жылдық еңбектің нәтижесі. Сондықтан адам еңбегінің өтеуін сезініп, бейнеттің зейнетін көруі тиіс. Бізде де «зейнеткер» дегенде көзінің нұры таймаған саяхатшы зейнеткерлер елестеуі керек.

Бөлісу