Басты Жаңалықтар Жасанды интеллект егістікке жетті: Қазақстандық шаруалар жаңа технологияны қалай игеріп жатыр?

Жасанды интеллект егістікке жетті: Қазақстандық шаруалар жаңа технологияны қалай игеріп жатыр?

Осы аптада үкіметте «Digital Қазақстан» стратегиясын іске асыру жоспары талқыланды. Мысалы, агросекторды алсақ, ауыл шаруашылығы саласындағы барлық негізгі цифрлық жүйелер мен деректерді біріктіретін бірыңғай Digital Agro платформасы құрылады екен.

Жалпы цифрландыру қордаланған проблемалардың «тат басқан құлпын» аша ала ма? Субсидиялар/жеңілдетілген несиелер рәсімі ылғи айтатын «мөлдір бұлақ» режиміне көше ме?

Елдос Есенбол, тілші:

Мынау біз тұрған алқаптың 280 гектарына биыл бидай егілген. Қазір енді барлығын жинап алған. Шаруаның айтуынша, егер жап-жаңа техника, жап-жаңа тракторлар болса, бұдан бірнеше есе көп тұқым салып, өнімді бірнеше есе артық алуға болатын еді. Бірақ...

Шаруалардың басым көпшілігі осындай кеңес кезінен қалған техникаларды пайдаланып жүр. Мысалы, мынау К700 1984 жылы зауыттан шыққан. Ал жобасын сызып берсең, өзі-ақ жүре береді, жасанды интеллектпен басқарылады дейтін жаңа техникалар қандай ол? Шаруалар неге жаппай соны қолданбайды?

Марат Ахметов, шаруа қожалығының басшысы:

Былтырғы жылы алдық 2 комбайн. Петропавлдан шығатын CLAAS деген неміс компаниясының. Сол жасанды интеллектпен бірге. Алқапқа кіргенде нөмір полясын айтасың да, қандай өнім жинаймыз, соны айтсаң, түсіміне қарай, егіннің массасына қарай өзін-өзі қалпына келтіреді. Ол жоғары жылдамдықпен жүре алады.

Мысалы, сол неміс комбайнының ішіне үңілейік. Құдды бір қымбат автокөліктер сияқты. Мына сенсорлы экран арқылы тапсырма беріп қойып, бақылап отыруға болады. Қанша гектар орылғанын, ылғалдың мөлшерін, егістің қалыңдығын – бәрін қадағалайды. Соған сай автоматты түрде баптауларын өзгертіп, өз жүрісін өзі реттейді. Ал ескі комбайндарда мұның бәрін тізгіндегі адам қолмен реттеуі керек. Оның барлығы уақыт алады. Заманауи тракторлар тек жер жыртпайды.

Болат Бекежанов, шаруа қожалығының басшысы:

Трактор түзу жүреді. Қайта себу болмайды. Тұқымды үнемдейсіз. Кейбірде ашылып қалады арасы. Ол жерге арамшөп өсіп кетеді. Ондай болмайды. Екі. Одан қалды сұйық отынды үнемдейсіз. Үш.

Сол секілді мынадай алып агродрондар шаруаларға тыңайтқыш пен улағыштарды себуге көмектеседі. Негізі диқандар көбіне трактордың артына тіркемесін тіркеп алып, сонымен шашады. Егер жаңбыр жауса, жердің кепкенін күтіп, бірнеше күнін жоғалтады. Ал мына дрондар анау-мынауға қарамайды. Жаңбырдан соң жарты сағаттан кейін ұша беруге болады.

Ал мынадай ақылды дронның арнайы камерасы арқылы өсімдіктің қайсы ауырып тұрғанын, қай жеріне қандай тыңайтқыш керек екенін көруге болады.

Болат Бекежанов, шаруа қожалығының басшысы:

Химия шашатын дрондар да бар. Ол дрондар шыққалы қай заман. Біздің Қорғалжын ауданында бір-ақ шаруа қожалықта бар.

Енді біздегі әр диқан, әр мал өсірген шаруа неге осындай технологияның игілігін көрмейді?

Болат Бекежанов, шаруа қожалығының басшысы:

John Deere 130 миллионның ар жағында тұрады. Ол деген қомақ ақша ғой. Құр трактор. Оның дән себетінінің өзі 250 миллион. Бағдарламалар бар, бірақ банктерге кепілге қоятын залог жоқ.

Жақсылық Еркінбек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі цифрландыру басқармасының басшысы:

Егер де кіші шаруашылықтар болатын болса, бірнеше адам мүмкін жұмыс істейтін шығар. Ал үлкен шаруашылықтарда бірнеше мыңдаған адамның күшін осындай цифрлық технологиялар қолдану арқылы жұмысын жеңілдетеді ғой.

Бірақ ол жаңа тракторды сатып алған күннің өзінде мәселе өздігінен шешіле кетпейді. Оның тілін білетін маман керек.

Марат Ахметов, шаруа қожалығының басшысы:

Біз қазір сырттан да әкеліп жатырмыз. Бірақ кедергі көп. Мынау Өзбекстаннан келген азаматтарды ЖШС-ға орналастыру үшін қаншама құжаттарын дайындау керек. Өзбекстаннан келген маман комбайнер, тракторист болып отырса, оның жанына біз өзіміздің қаракөзімізді отырғызу керек. Олар үйренсін деп.

Болат Бекежанов, шаруа қожалығының басшысы:

Қай шаруашылыққа барсаңыз, қазір ең жас механизатор дегеніңіз 40-тың үстіндегі жігіттер.

Марат Ахметов, шаруа қожалығының басшысы:

Университеттің өзіне қаншама рет шықтым. Сондай ұсыныспенен. Мінекей, комбайндар бар, жататын жер бар, ішетін тамақ бар. «Көке, бір мұғалім менен 5-6 студенттерді жіберсеңдер. Олар жалақы табады, бізге көмек болады, олар үйренеді». Ешқандай қимыл болған жоқ.

Диқан Болат Бекежановтың сөзінше, шаруалардың өзі де заман талабына ілесе алмай отыр.

Болат Бекежанов, шаруа қожалығының басшысы:

Бұрын тракторда жүрдік ауылда. Содан шықтық, фермер болдық. Ойладық қой, трактор міну білеміз, жер жырту білеміз... Қазіргі тракторларды меңгере алмаймыз. Өйткені біліміміз жоқ қой. Агрономия жағынан сауатымыз шамалы, экономика жағынан сауатымыз шамалы, заң жағынан сауатымыз шамалы. Міне, басталады қарашада. Ауыл шаруашылық күніне Көкшетауға жинайды облысты. Оған да тағы біреу барады, біреу бармайды. Көрме болады. Оның бәрі көрсетіледі.

Қалай дегенмен де техника да, технология да жетілген үстіне жетіле беретіні ақиқат.

Болат Бекежанов, шаруа қожалығының басшысы:

Болашақта мұндай техникамен болмайды. Бұған сайман да болмайды. Бәрібір де сол технологияға көшеміз.

Бірақ әзір осындай К700-дер Қазақстанның егіс алқабында әлі біраз ойқастайтын секілді...

Бөлісу