Қайтарымсыз грантпен кәсібін бастағандар көбейді
Түркістан облысында мемлекет қолдауының арқасында кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Аймақта жыл басынан бері 800-ге тарта бизнес жоба қолдау тауып, оны жүзеге асыруға қайтарымсыз грант берілді. Кәсіпкерлер бұл қаражатты жаңадан бизнес бастауға немесе кәсібін одан әрі дамытуға жаратып отыр.
Бұл Шардара қаласында тұратын Жастаевтар отбасының шағын наубайханасы. Алты баланың әкесі Мұрат Жастаев өткен жылы мемлекеттен 1,5 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, үйінің ауласынан өз кәсібін ашқан. Қазір жұбайы екеуі нан өнімдерін дайындап, қаладағы және жақын елді мекендердегі дүкендерге саудалайды. Ерлі-зайыптыға балалары да көмектеседі. Тағы жергілікті екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер күнделікті ыстық нанға сұраныс көп дейді.
Мұрат Жастаев, наубайханашы:
Қазіргі таңда пәтір нан, лепешка, бөлке нанның қарасы мен ағын шығарып жатырмыз. Орташа есеппен 450-500 дана пәтір нан, ал 250-300 дана лепешканы енді қосып жатырмыз. Енді тұшпара, лағман, қосымша осы қамырдан келетін барлық саланы қоспақшы ойым бар.
Мемлекеттік қолдауға ерекше баласы бар Тазагүл Балабаева да қол жеткізді. Ол қомақты қаражатқа сүтті бағыттағы асыл тұқымды ешкілер алған. Күнделікті сүтін сауып, одан қаймақ, май, ірімшік, құрт жасап, әлеуметтік желі арқылы сатуда. Алдағы уақытта асыл тұқымды ешкі басын көбейтіп, шағын шаруашылықты үлкен шаруа қожалыққа айналдыруды мақсат етіп отыр.
Тазагүл Балабаева, кәсіпкер:
Қазіргі таңда сүтке де, айранға да, майына да сұраныс жақсы. Литрін 700 теңгеден емге алып ішіп отырғандар бар. Кесесін 400 теңгеден ішеді. Өткізуге мәселе жоқ. Үйден келіп , алып кетіп жатыр. Өзімнің тұтынушыларымды жинап алғанмын. Сол тұтынушылар келіп алып кетеді.
Осылайша, мемлекеттен берілген қаражат бүгінде кәсібін жүргізіп, отбасылық бизнестің өркендеуіне жол ашып отыр. Өңірде биыл 1450 азаматқа грант беру жоспарланған болса, шілде айына дейін 729-ның бизнес жобалары мақұлданды. Бағдарламаның шарты бойынша қаражатқа қол жеткізгендер жаңа жұмыс орындарын құру қажет.
Бақытжан Таласов, Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
Олар өздерінің әр санаты бойынша мал басын көбейту бар, кәсіп ашу, қосымша тәтті пісіретін орталықтарын ашу мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілді. Бұл жерде біздің басты мақсатымыз: осы аудандағы жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамту.
Мамандардың айтуынша, мемлекеттік қолдау тек қайтарымсыз гранттармен шектелмейді. Кәсіпкерлер тегін оқудан өтіп, бизнес-жоспарды әзірлеу бойынша кеңес ала алады. Бұл қызметтерді кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының мамандары үйлестіреді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы