Елордадан Бурабайға есірткіге қарсы арнайы пойыз қатынай бастады
Бас қалада алғаш рет «Астана – есірткісіз қала!» атты тақырыптық жолаушылар пойызы жолға шықты. Ол елордадан Бурабайға қатынайды. Жоба «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Арнайы пойыз күн сайын Астана – Бурабай бағытында жүреді. Оның вагондарына есірткінің зияны, заң талаптарын сақтау және салауатты өмір салты жайлы жадынамалар орналастырылған. Осылайша, теміржол көлігі жолаушы тасымалдаудан бөлек, қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізілетін ақпараттық алаңға айналмақ.
Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы:
Енді өздеріңіз білесіздер есірткі транзиті әр түрлі көлікпен жүзеге асырады. Ол жерде автокөлік бар, әуежай, және мына теміржол көлігінде пайдалануы мүмкін. Сондықтан арнайы пойзы жүрейін деп жатыр. Астана-Бурабай станциясын дейін. Бұл ары қарай республикалық көлемінде жалғаса беретін болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, пойыздың күн сайын жүруі бұл ақпараттың мыңдаған жолаушыға тұрақты түрде жетуіне мүмкіндік береді. Ал «Нұрлы жол» вокзалында синтетикалық өнімге қарсы бейнероликтер үздіксіз көрсетіледі.
Әлия Қибатқызы, Қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы:
Басты мақсат – есірткісіз ортаны қалыптастыруға мемлекеттік органдарды ғана емес, қоғамның барлық мүшесін жұмылдыру. Жобаны Астана қаласы мен Көліктегі полиция департаменттері ұйымдастырған. Бастамаға елорда және «Сарайшык» ауданы әкімдіктері, «Жасыл желкен» қоры, «O.Y.A.N» еріктілері мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы да қолдау көрсетіп отыр.
Расында, өңін өзгертетін кесірткедей есірткінің де түрі көбейді. Таралу жолы да тиылмай тұр. Ал бұл бастаманың көздегені есірткінің тамырына балта шауып, оған қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы