Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат жұмыстары аяқталуға жақын
Дауыс беру күніне небәрі 10 күн қалды. Қазір саяси додаға түсетін 7 саяси ұйым кандидаттары өңірлерді аралап, электоратпен кездесу өткізіп жатыр. Өздерінің тұғырнамасын таныстырумен шектелмей, тұрғындардың ұсыныс-тілектері мен мәселелеріне құлақ түріп жүр.
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы өкілдері Алматы облысының тұрғындарымен кездесіп, тұғырнамасын таныстырды. Жиында жұмыс орындарын көбейту, Қонаев қаласын дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту секілді мәселелер талқыланды. Саяси ұйым төрағасы өңірдің дамуы Мемлекет басшысының назарында екенін айтты. Сондай-ақ кандидаттар аймақтағы бірнеше кәсіпорынға барып, жұмысшылармен тілдесті. Кездесуде еңбек адамын қолдау, бизнеске жағдай жасау сияқты өзекті мәселелер көтерілді.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
Елімізге келіп жатқан қаншама сапалы инвесторлар бар. Әлемдік алпауыт компаниялар бар. Олардың барлығы біздің елімізде инвестициялық климаттың жақсы екенін мойындап отыр. Алатау қаласының құрылғаны да соған арнайы ерекше жағдай туғызудың бір дәлелі деп түсінеміз.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалында аутизм және церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналарымен кездесу өтті. Жиында мүгедектігі бар балаларға кепілді медициналық көмек пен әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ депутаттыққа үміткерлер Жамбыл облысының шалғай ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Кандидаттар тұғырнамасын таныстырып, жиналғандармен елді мекендерде медицинаның сапасын арттыру, баспанамен қамту, экология мәселесі бойынша пікір алмасты.
Еркін Әбдиев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткер:
Ауылды жерлерде еркін түрде медицинаға қолжетімділік болуы тиіс. Осы әлеуметтік теңсіздіктің алдын алу, жұмысшылар арасында еңбек бөлінісінің дұрыс болуы жалақының көтерілуі деген сияқты мәселелерді айта кеттік.
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Шымкенттегі медициналық қалдықтарды залалсыздандыратын компания ұжымымен кездесті. Негізінен кәсіпорын медициналық және өндірістік қалдықтарды жинап, тасымалдауға залалсыздандырып қайта өңдеуге маманданған. Жиында саяси ұйымнан Құрылтай депутаттығына кандидат Алтай Ордабеков сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кездесуде серіктестік өкілдері толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Оның ішінде қауіпті және медициналық қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы нормативтік – құқықтық базаны жетілдіру, эко-сектор кәсіпорындары үшін мемлекеттік қолдау шаралары мен жеңілдіктерді енгізу, профильді мамандардың әлеуметтік қорғалуы мен еңбек қауіпсіздігі бар.
Алтай Ордабеков, «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Залалсыздандыру кәсіпорны - бұлар бізбен жұмыс істейтін нағыз кәсіпорын. Барлық ойымыз бірдей болып жатыр. Бұлар түсінуде. Заңдардың барлығын күшейту керек. Кейбір заңнамаларға экспертиза жасап, қайтадан мүмкін қосымша өзгерістер енгізу керек.
Астанада Қазақстан Халық партиясы «Әлеуметтік Қазақстан» атты бірінші форум-конгресс өткізді. Шара аясында әлеуметтік әділеттілік, лайықты еңбек, экономиканы және жаңа технологияларды дамыту тақырыптары талқыланды. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мәселелері де сөз болды. Іс-шараға түрлі салаланың өкілдері мен сарапшылар қатысып, өз көзқарастарын ортаға салды. Әлеуметтік мемлекеттің тиімді моделін қалыптастыру, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және қоғамның тұрақты дамуына бағытталған ұсыныстар да айтылды.
Ислам Сұңқар, Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Біз әртүрлі өңірлерге шығып жатырмыз. Зейнеткерлермен, студенттермен кездесіп жатырмыз. Жұмысшы азаматтар, басқада адамдармен кездескенде, бірінші көтерілетін ол - әлеуметтік мәселелер. Жалақы мөлшері, қауіпсіз еңбек жағдайлары, жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы қарым-қатынасқа байланысты.
Шымкентте «Ауыл» партиясының өкілдері елдегі ең ірі жылыжай кешенінің еңбек ұжымымен кездесті. Жиында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту және отандық өндірісті күшейту мәселелері сөз болды. Партия өкілдері жыл бойы өнім өндіруді қамтамасыз ету үшін заманауи технологияларды енгізу және шаруаларды қолдау тетіктерін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Бұл ішкі нарықты отандық өніммен қамтып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді, дейді. Басқосуда жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мәселелері көтерілді.
Талғат Айтбаев, «Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Қалыптасып жатқан мекеме болған соң әртүрлі проблемалары бар екен. Оны тікелей жасырмастан айтты. Қала масштабында да көтеріліп, шешу мәселесі қарастырылып жатқан проблема. Ең бастысы - энергия көзі.
«Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Абай облысында жалғасты. Депутаттыққа кандидаттар Семейде бірқатар кездесу өткізді. Алдымен «Семей цемент» кәсіпорнына барып, еңбек ұжымына барып, саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Қатысушылар еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдауға қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Ал өңір кәсіпкерлері және белсенді жастармен өткен бас қосуда бизнесті қолдау, жастардың белсенділігі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жайы талқыланды.
Дания Еспаева, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
Қасиетті Абай еліне келіп өндірушілермен, кәсіпкерлермен кездесіп отырмыз. Бірінші кездесу мына «Семей цемент» ұжымымен кездесу болды. Көптеген мәселелерді талқыладық. Соңғы Парламенттегі қабылданған заңдарды түсіндірдік.
Оралда «Respublica» партиясының өкілдері сайлауалды кездесулер өткізіп, бірқатар өндіріс орынының жұмысымен танысты. Саяси ұйым басшылығы өрт сөндіру көліктері мен құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын қызметкерлерімен жүздесті. Сондай-ақ облыстық кітапханада жастармен жолығып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде пікір алмасты. Күннің қорытындысы филармонияда өткен партия жақтастарының форумымен аяқталды. Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров экономиканы дамыту, бизнесті қолдау, жаңа кәсіпорындар ашу мәселелерін атап өтті.
Айдарбек Қожаназаров, «Respublica» партиясының төрағасы:
Экономикалық жағдайымызды жақсарту, кәсіпорындар санын көбейту, жалақыны көбейту, соның арқасында әр қазақстандықтың күнделікті өмірінде көріп жатқан табыс көзін арттыру ол да міндетті түрде тұрмыс жағдайына үлкен әсер етеді. Өте қарқынды және белсенді талқылау боп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы